Өңірде карантин басталғалы бері шығысқазақстандықтар ХҚКО-ның бірыңғай терезесінен 13 мыңнан астам дайын құжатын алып кеткен. Бұл құжаттардың басым бөлігі карантин барысында онлайн рәсімделген, қалған бөлігі – ХҚО жабылғанға дейін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ШҚО бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге салайық, 26 наурыздан бастап барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылған болатын. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтар үшін осыған дейін өтініш берген, сондай-ақ электронды форматта тапсырыс берілген қызметтер бойынша дайын құжаттарды алып кетуге болатын бірыңғай терезені іске қосты. Бұл үшін әр қала мен аудандарда бір-бір ХҚКО белгіленген болатын.
Дайын құжаттарды көбіне ШҚО, Түркістан, Алматы облыстарының тұрғындары алған.
Бірыңғай терезеде берілген құжаттардың дені – АХАТ құжаттары, жүргізуші куәліктері, көліктің техникалық паспорты мен тіркеу нөмірлері, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің құжаттары, сондай-ақ жеке куәлік пен паспорт.
Бұл ретте ТЖ басталғалы бері қазақстандықтар egov.kz электронды үкімет порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-боты және eGovMobile қосымшасы арқылы 10,5 млн жуық қызметті онлайн түрде алған.
Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі – сағат 9.00-14.00 аралығы. Дайын құжаттарды беруге арналған қалалық және аудандық бөлімдер тізімін мына мекенжайдан көруге болады: gov4c.kz