Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері egov.kz порталы арқылы онлайн түрде 189 автомобиль тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Естеріңізге сала кетейік, 26 наурыздан бастап еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен автоХҚКО-ның жұмысы тоқтатылған. Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді тек электрондық үкімет порталында ала алады.
- Мамандандырылған ХҚКО-лар жабылған соң азаматтар арасында портал арқылы көлік құралдарын қайта тіркеу қызметі сұранысқа ие болмайды деп болжадық. Себебі әлі де көбісі көлікті автоХҚКО-да тіркеуді жөн көреді. Алайда статистика көрсеткендей, қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде де көлік сатып алып, оны өздігінен қайта тіркеуге қоя алады, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Көліктерді қайта тіркеу қызметі egov.kz порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн режимінде алу үшін сатушы ЭЦҚ-ны пайдаланып, egov.kz порталына кіріп, сатылатын көлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салықтар бойынша берешекті тексеруге сұраныс жіберуі керек. Егер бар болса, электрондық үкімет порталы арқылы төлеп, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қояды. Осыдан кейін сатып алушы электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіндегі өтінішпен таныса алады, онда айыппұлдарды тексеріп болғаннан кейін мемлекеттік нөмір және техпаспорт үшін тиісті алымдар мен тіркеу жарнасын төлеуі тиіс. Сатып алушы мәмілені өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растайды. Кейін автоХҚКО-ға тек дайын болған нөмір мен техникалық төлқұжатты алып кету үшін барады.