Өңір полициясы облыста заңсыз фармацевтикалық қызметтің екі фактісін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Барлығы 66 тоннаны құрайтын перекусорлардың айналымы шектелді. Бұл фактілердің барлығы заңсыз фармацевтикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған "Дәрмек" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тіркелген. Осының аясында тәртіп сақшылары есірткі және психотроптық дәрілік заттарды рецептсіз беру фактілерін, сондай-ақ оларды заңсыз танымалдаудың алдын алды. 5 күн ішінде тәртіп сақшылары аталған препараттарды қолданыста пайдаланатын 17 дәріхананы, 6 емдеу мекемесі мен 8 кәсіпорынды тексерді.
Мәлім болғандай, құқық қорғау органдары 9 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде, есірткі заттарын заңсыз саудалап, лицензиясы жоқ фармацевтикалық қызметпен айналысқаны үшін 2 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеріс барысында есірткі және психотроптық заттардың 700-ден астам таблеткалары мен ампулалары тәркіленді.
- "Өскемен-Алматы" тас жолында 66 тоннадан астам прекурсорларды тасымалдаған жүк көлігі тоқтатылып, тәртіп бұзушы тұтқындалды. Осы оқиғаға байланысты химиялық элементтердің тасымалдануы уақытша шектелді, - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі берген мәліметте.