Шілде айының 25-нде өңірде Кәсіпкерлер палаталары жанындағы Өңірлік кеңеске кандидаттардың үгіт-насихат кампаниясы басталады. Кандидаттарға БАҚ арқылы, кездесулер және үгіт-насихат құралдары арқылы аудиторияға өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыруға он күн уақыт беріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ел ауқымында кандидаттардан Ұлттық палата талаптарына сәйкес келетін 1048 өтінім мақұлданды. Соның ішінде бір орынға бәсекелестік Батыс Қазақстан облысында жоғары, Нұр-Сұлтан қаласы және Шығыс Қазақстан. Өңірлік кеңестерге Республика бойынша бизнес-қоғамдастықтан барлығы 456 өкіл өтеді. ШҚО квотасында 35 адам болады.
Үгіт-насихат кампаниясынан кейін – 5-і мен 11-і тамыз аралығында - vote.atameken.kz сайтында кандидаттарға онлайн-дауыс беру басталады. Әр кәсіпкер, қауымдастық немесе өзін-өзі басқаратын ұйым SMS-хабарлама немесе электронды цифрлық қолтаңба арқылы 1 кандидатқа дауыс бере алады. Дауыс беру процесі небәрі екі минуттай уақыт алады.
Бизнестің сұрақтарына ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек жауап береді.
- Мәріпбек Шәкербекұлы, кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестеріне үміткер жайлы сипаттап беруіңізді сұраймын.
- Кандидаттар өңірде тіркелген кәсіпкерлер, сондай-ақ өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен ӨКП-да аккредиттелген өткен қауымдастықтардың бірінші жетекшілері немесе қауымдастықтың орындаушы органының мүшелері арасынан сайланады.
Өңірлік кеңес мүшелігіне үміткер келесі талаптарға сәйкес келуі тиіс: Қазақстан Республикасының азаматы болу; өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді қатысушы болу; кәсіпкерлер арасында пікір көшбасшыларының бірі болу; өңірде жария тұлға болу; кәсіпкерлер арасында және қоғамда оң беделге ие болу; бизнесінің тарихы оң болуы; әлеуметтік жауапты кәсіпкер болу; облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаты болуы құпталады; Заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы.
Облыстық кеңестің 60%-ы облыс орталығындағы кәсіпкерлік субъектілерінен және Өңірлік палатада аккредиттеуден өткен қауымдастық (одақ), өзін-өзі реттеуші ұйымдардан, ал 40%-ы аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады.
- Өңірлік кеңестеріне сайлау неліктен карантин жағдайында өтуде?
- Кәсіпкерлер палаталары Өңірлік кеңестеріне сайлау ел ауқымында алғаш рет өтіп жатыр. Экономикалық ахуалдың күрделілігі және карантин кезеңінде бизнестің қиын жағдайын ескере отырып, бизнес-қауымдастыққа Кәсіпкерлер палаталары арқылы өңірдегі кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын, кәсіпкерлерді дамыту және қолдау бағытында тиімді қадамдар жасап, түрлі салалардағы мәселелерді көтеріп, нақты шешімдер ұсына алатын өңірлік кеңес мүшелерін таңдауға мүмкіндік беруді шештік. Өңірлік кеңес – кәсіпкерлер палаталары жұмысының стратегиялық басым бағыттарын анықтайтын бақылаушы орган.
- Сайлау процесінің бүкіл процедурасы шын мәнінде ашық жүргізіліп жатыр ма, оны қалай растауға болады?
- Біріншіден, құжаттарды қабылдау, өтініштерді рәсімдеу және дауыс берудің өзі электронды форматта өтіп жатыр. Бүгінгі таңда ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Құжаттарды қарау жөніндегі комиссиясы келіп түскен өтінімдердің 99,9%-ын мақұлдады (екі өтінім кандидаттың талаптарға сай келмеуіне байланысты қабылданбады), қалған барлық кандидаттар келесі кезеңге өтті.
Осы ретте сайлау алды үгін-насихат кампаниясы барысында барлық кандидатқа тең жағдай беріледі – әркім үгіт-насихат материалдарын кез келген БАҚ көздерінде әрі кез келген көлемде жариялай алады. Бұдан бөлек ШҚО Кәсіпкерлер палатасы электрондық үгіт-насихат парақшалары бірыңғай нысанда дайындап, палатаның әлеуметтік парақшаларында орналастырылды және өзін-өзі насихаттау үшін кандидаттарға таратылады.
Осылайша барлық кандидаттар үшін тең жағдай қарастырылған.
Сайлау туралы толық ақпарат vote.atameken.kz сайтында жарияланған, сондай-ақ сайлау жайында ақпаратты 1432 колл-орталығынан алуға болады.