Шығыстан шыққан тұңғыш қазақ заңгері – Алаш арысы Райымжан Мәрсеков

3986
көрілім

Алаш туы астында ұлтты ұйытуға ұмтылған арыстардың бірі – Ұлан ауданының Айыртау ауылының тумасы, Алаш Орда Үкіметінің белді мүшесі, Шығыс өңіріндегі қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Райымжан Мәрсеков еді. Есімі ел жадында қалған Алаш арысының өмірін Сиезхан Құдабаев ағамыз біршама зерттеген. Зерттеп қана қоймай, Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентіндегі жалғыз мектепке Райымжан атын бергізген де Сиезхан Дәулетханұлы екенін көп адам біле бермейді.

Әңгімені Мәрсектен бастаған дұрыс

Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің бұрынғы басшысы Сиезхан Құдабаев Семей қаласына Алаш орда Үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхановтың келуіне Райымжан ұйтқы болғандығын тілге тиек етеді.

Сиезхан Құдабаев

Жалпы әңгіменің басын Райымжанның әкесі Мәрсектен бастаған дұрыс, – дейді Сиезхан Дәулетханұлы. – Мәрсек көзі ашық, өте пысық адам болған. Қазіргі Ұлан ауданының Айыртау өңіріне белгілі атақ-даңқы бар ол қазақ-орыс тілдерін жетік білгендіктен, сол кезде Санкт-Петербург қаласынан келген экспедицияда тілмаштық қызмет атқарады. Құнанбайдың замандасы, мұрын руының белгілі болысы Тана Тілемісұлының туысы болып келетін Мәрсектің тентектігі де болыпты. Бірде ол Жанұзақ байдың атастырып қойған екі қызын бірдей алып қашады. Ашуланған Жанұзақ Мәрсектің інісін алдырып «Ағаңды тәртіпке шақырмасаң, басыңды аламын» дейді. Мәрсек алып қашқан қыздардың бірін пароммен Ертістен өткізіп, екіншісіне қайтып оралған кезде інісін ерткен қуғыншылар жетеді. Інісінің басына төнген қауіпті естіген ол амалсыз Жанұзақтың қыздарын қайтарып беріпті.

Бірде «Мәрсекті Патша сарайға шақыртып жатыр екен» деген хабар жетеді. «Бірдеңені бүлдіріп қойдым ба?» деп шошыған Мәрсек ел-жұртымен қоштасып, өз жаназасын шығартып, Петербургке жол тартады. Сөйтсе, шығыстан кері оралған экспедициялардың бірі «Ертіс жағасын зерттеуде Мәрсек деген қырғыздың көмегі көп тиді» деп Патша сарайына хабар беріпті. Сарайда қабылдауда болған оған ақша мен атақ ұсынылады. «Ақшам да, атағым да жетерлік» деген Мәрсек Райымжан есімді зерек ұлының Петербургте оқығанын қалайтыны жөнінде тілек білдіреді.

Ол кезде Өскемен қаласындағы төрт сыныптық уездік орыс-қазақ мектебін бітірген Райымжан Омбы қаласындағы классикалық гимназияда оқып жүрген еді. Әкесі Мәрсектің Патша сарайындағы өтініші Райымжанның тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етті. Жоғары білім алуды армандаған ол Қазан университетінде, кейін Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне ауысады. Бұл жерде ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш өкіметінің белгілі қайраткерлерімен танысып, бірге оқиды. 1905 жылғы «Қанды жексенбіге» қатысқан оларды оқудан шығарып, арттарынан жандарм тыңшыларын аңдытып қояды. Бірақ беделді азамат кейін оқуға қайта қабылданып, жоғары білім алып шыққан соң, Семей қаласына оралып, Алқа билер сотының көмекшісі болып қызмет етеді, – дейді Сиезхан Құдабаев.

Алаш туы астында

Осылайша Өскемен мен Семей өңіріндегі ұлты қазақ тұңғыш заңгер Семей түрмесіне тоғытылған қазақтың көбін ақтап шығарады. «Дала уәлаяты» газетінде әйел теңдігі, қазақ билерінің дау шешуі мен сайлаудағы кемшіліктер мәселесін талқылайды. Алаш қозғалысына бел шеше араласады. Омбының сот палатасында, кейін Семейде заңгер, адвокат болып жұмыс істейді. «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінің жарыққа шығуына үлес қосады.

Алаш партиясы неге басқа қалада емес, Семейде құрылды? – дейді Сиезхан Дәулетханұлы. – Өйткені Семейде Райымжан Мәрсеков болды. Әлихан Бөкейхановты шақыртып алған да осы – Райымжан еді. Жалпы, Семейдегі Алаш қозғалысының рухани көсемі болған да осы Райымжан Мәрсеков. Жауапты, лауазымды қызметтерде жүріп, қазақ қоғамында жаңаша сот қағидасын қалыптастыру, соттарды ұйымдастыру, Алаш әскерін жасақтау, жер дауын шешу, елді азық-түлікпен қамту, қазақ жастарын оқыту ісін жүйелі жолға қою сияқты ұлттың көкейтесті мәселелеріне көңіл бөліп, соған пайдасы, септігі тиетін қадамдар жасап отырған. Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін Кеңес үкіметі Алаш зиялыларына кеңшілік жасағансиды. Осы орайда оларды қоғамдық жұмысқа да араластырған. Солардың қатарында Райымжан да үкімет жұмысына тартылады. 1920 жылдан 1922 жылдың маусым айына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқарады. Шындығына келгенде, осы кезден бастап қоғамдық саяси қызметтен шеттетіліп, кеңес үкіметінің жауы ретінде бақылауға алынып, қуғынға ұшырайды, – дейді Сиезхан Құдабаев.

1922 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалып, күзетпен әкетіп бара жатқанда Райымжан конвойдан қашып, Қытайға өтіп кетеді. Оның күзеттен қашып шығуына Ұлан өңірінің жігіттерінің көмегі көп болған екен. Қытай жақтағы елдің құрметіне бөленген ол қазақтың азаттығы үшін отряд жасақтап, Қытай үкіметінің озбырлығына қарсы күреседі.

1937 жылы Кеңес үкіметінің тапсырмасы бойынша Қытайда 104 қазақтың зиялысы қамауға алынады, – дейді Сиезхан Құдабаев. – Солардың бірі Райымжан еді. Қытайдың бір деректерінде осы тұтқындалған азаматтарды қапқа салып тепкілеп өлтірген деген мағлұматтар бар. Бірақ, Райымжан көрнекті тұлға болғандықтан оған осындай қорлық көрсетті деп ойламаймын. Бір деректерде оны «Құлжа түрмесінде өлді» делінсе, екінші бірде «Семей түрмесінде өлген» деген деректер бар. Мен оны Семей арқылы Мәскеудің «Бутырька» түрмесіне алдырды ма екен деп ойлаймын, өйткені сол кезде Алаштың белгілі арыстары Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақов Мәскеуде қамақта отырды…

Алаш арыстары жайлы астарлы құжаттарды мамыр айының 17 күні облыстық Ішкі істер Департаменті жария етті. Осы уақытқа дейін құпия түрде сақталып келген тарихи мәліметтер мен Алаш арыстарына қатысты қозғалған қылмыстық іс құжаттарын ашқан құзырлы департамент тарихи мәліметтердің Арнайы мұрағатта сақталғанын хабарлады. Осы шараға барғанда Райымжанның ұрпағы Достық Искаковпен кездесудің сәті түсті.

Достық Искаков

Мен Райымжан Мәрсековтың бесінші ұрпағы болып келемін. Санкт Петербург университетін үздік бітірген атамыз Патша билігі мен Кеңес Одағының қазаққа деген қара пиғылын ерте сезген. Алаш Орда Үкіметінің белді мүшесі болған оның Қытай жерінде ұсталғанын ғана білеміз. Ал кейінгі тағдыры жайында бейхабармыз. Осы уақытқа дейін оның сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Әкеміз коммунистік партияның өктемдігі жүріп тұрған кезде атамыз туралы көп айта бермейтін, – дейді Достық Искаков.

Сөз соңында:

2004 жылы мен Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектепке Райымжан Мәрсеков есімінің берілуіне күш салдым. Ол кезде аталған мектептің директоры едім. Көп адамдар менің бұл бастамама қарсы болды. Әупірімдеп жүріп атын бергізген соң мектептің алдына мүсінін қойдыруды да ойладым. Алматыдағы бір мүсіншімен кездесіп, Райымжанның кеудемүсінін жасатып та қойдым. Мен мектеп директорлығынан кеткеннен кейін ол жерге өзге адамдар Райымжанның мүсінін орнатқызыпты. Ендігі ойым Алматыдағы мүсінді алдырып, Семей қаласындағы Райымжан Мәрсеков атындағы көшенің бойына орнаттырсам ба деймін, – дейді Сиезхан Құдабаев.

Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектеп

Азамат ТЕМІРБЕКОВ