Шымкент қаласындағы танымал емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысық етін бергені, үш жылдан бері азаптап келгені жайлы ақпарат тарап жұрттың жағасын ұстатқаны белгілі. Сол балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұрады екен. 65 жастағы Наталья Устиновамен жолығып, немересінің асырауға қалай берілгенін сұрап көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жарты жылдай жуынбаған
Республикалық сайттарда тараған деректерге сүйенсек, өз перзенттері болмаған ерлі-зайыпты 2021 және 2023 жылдары 3-тен 16 жасқа дейінгі аралықтағы 6 баланы Шымкент, Алматы, Астана, Өскемен қалаларындағы түрлі балалар үйінен жинап алған. Алтаудың ішіндегі бір қыз бен ұл ғана ресми асырап алынып, қалғанына қамқорлық рәсімделген.
Балалардың үлкені өгей әкенің оларды аш ұстап, мысық пен иттің етімен ғана азықтандырғанын айтып, көмек сұраған. Тексерушілер аталмыш үйден лас жағдайда өмір сүріп жатқан, әбден азып-тозған, денесінде көгерген, қызарған іздер бар балаларды тапқан.
- Көз алдымыздағы көріністен есеңгіреп қалғандай болдық. Балалар азып-тозған, денелері көгерген, күтімсіз, лас. Ол үйге тұтас комиссия болып барғанбыз. Жағдайда көрген сәтте-ақ балаларды уақытша болса да асыраушыдан алып қою керектігін түсіндік. Оларды онда қалдыру қауіпті еді. Балалардың денесіндегі көгерген іздерді өгей ата-анасы ойнап жүріп түсірген шығар деп түсіндірмек болды. Тіпті келешекте тағы бірнеше баланы балалар үйінен асырап алуды жоспарлаған, - дейді Шымкент қаласындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева.
Қазір 6 баланың екеуі кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығында. Қалған төртеуі бөбектер үйінде. Ал өгей әкенің үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
- Іс қылмыстық істер жөніндегі сотта жатыр. Бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр. Оның ішінде «азаптау» бабы да бар. Балаларды асырап алған ер адам қамауда, - деп хабарлады Шымкент қаласының Полиция департаменті.
Жаға ұстатарлық оқиға туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да пікір білдірді.
- Бұл қылмыс бойынша ақпан айында Ішкі істер министрлігімен бірге жұмыс істеген болатынбыз. Ол істің мән-жайында қорқынышты жайттар жетерлік. Балалардың үлкенінің айтуынша, оларға зәр мен нәжіс жегізген. Іс сотқа жолданды. Сондай-ақ балалардың үлкенінің жинағындағы ақшаның жұмсалуына қатысты іс тергеліп жатыр. Оның ақшасына ешкі сатып алып, ұлдың өзіне бақтырып қойған болуы мүмкін, - Динара Зәкиева.
Шымкент қаласындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, бұл отбасының үлкен үйі бар. Бірақ оны тек комиссия үшін жасап қойған сияқты.
- Бәлкім көмір, газ, электр жарығын үнемдеді ме? Ол жағын білмедім. Өздері үш бөлмелі «времянкада» тұрады. Ана үйдің ішіне кірсеңіз, шошып кетесіз. Қабырғаларына түгел әруақтардың суретін іліп тастаған. Сонау 80 жылдары қайтыс болған анасына ескерткіш қойып, айналасына сүйектер мен беймәлім шөптерді тастаған. Үй ішінде аң мүйіздерінен көз сүрінеді. Кейін сарайға кірдік. Ол жаққа үш мысықты байлап қойыпты. Ит байласа, бір сәрі. Қатты таң қалдық. Сарай іші ыбырсып жатыр. Барлығын видеоға түсіріп алдық, - дейді Жаннета Жазықбаева.
Арнайы комиссия барғанда үйде ер кісі мен араша сұраған жасөспірім болмаған. Кейін олар келгенде Ж.Жазықбаева баланы көріп, қайран қалғанын айтады.
- Жас баланың алақанын көрсеңіз, ересек кісінің алақаны сияқты. Әбден қара жұмысқа жегілген. Бірден киімін шешкізіп, үсті-басын қарадық. Кір-қожалақ, жуынбағанына алты айдай болған шығар. Үстіне киіп алған тоқылған ақ жемпірі жуылмағаннан сұп-сұр боп кеткен. Денесі көгерген, кісенмен ұрған тыртық іздерін байқадық. Киімдері өте ескі. Басқа балалардың да үсті-басы кір-қожалақ. 5-6 ай жуынбаған соң денесі қышиды ғой. Әбден қасыған, соның іздерін көрдік. Күркілдеп жөтеліп отыр. Кішкентай балалардың тілі әлі шықпаған. Сөйлей алмайды. Әбден психологиялық қысым көрген. Алты баланың ішінде тек бір қызға ерекше күтіммен қарап келген. Бар жылы-жұмсақты соған берген. Ал қалғандарын адам құрлы көрмеген, - деді ол.
Үйдегі кішкене пеш жанынан ораулы жіптер табылған. Емші балалар түнде ұйықтағанда үстін қасымасын деп аяқ-қолдарын байлап тастайды екен. Әлі есін білмейтін кішкентай балаларда жөргек деген мүлдем болмаған. Дәрет жіберіп, бүлдіріп қойса, «жеңдер» деп нәжісін бетіне жағып қорлаған. Бұдан өзге қорадағы төрт түлікке жем беру, қора тазалау жасөспірімнің мойнына жүктелген. Ол күн сайын таңғы сағат 4-те тұруға мәжбүр болған. Қарны аш, ұйқысы қанбаған оқушы сабақ үстінде үнемі ұйықтап отырған. Киімі жыртық, үсті-басы кір, денесі көгерген баланы көрген педагогтердің неге үнсіз қалғаны белгісіз.
«Қарыздан құтыла алмадым»
Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұрады дегенді естіген соң көп ұзамай оның кім екенін анықтадық. 65 жастағы Наталья Устиновамен жолығып, немересінің асырауға қалай берілгенін сұрап көрдік.
- Қызым Ольга аспаз болып жұмыс істейтін. Бірде Бұқтырмадағы «Чайка» демалыс базасына жұмысқа орналасып, демалушыларға тамақ пісіріп жүрді. Сонда слесарь болып істейтін Қайратпен танысты. Әңгімесі жарасып, көңіл қосқан екеуі бірге тұрды. Бірақ заңды некеге отырған жоқ, - дейді Наталья Устинова.
2019 жылдың жазында Ольга жарық дүниеге сәби алып келді. Ол кезде жасы 39-да болған. Бұған дейін тұрмысқа шықпаған, бала сүйіп көрмеген. Ұлының есімін Руслан деп қояды.
- Балалы болғандарына әкесі қуанған жоқ. Керісінше оларды тастап кетті. Қызым депрессияға түсіп, сары уайымға салынды. Ішімдік ішіп жүрді. Өзім де, күйеуім де оған қолдау білдіріп, демеу болуға тырыстық. Банктен 3 млн теңге несие алып, ескі үйімізді жөндеттік те, екеуін кіргізіп алдық. Бала үшін бір бөлмені арнайы жабдықтадық. Ольга сабасына түсіп, қалыпқа келе бастады. Бірақ 2021 жылы өршіген коронавирус атты кесел қызымды айналып өтпеді. Қатты ауырған ол 14 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, еш оңалмай қайтыс болды. Немеремізді атасымен өз қамқорлығымызға алдық, - деп сөзін сабақтады ол.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл отбасына түскен тағдыр тауқыметі осымен тәмамдалмаған. Жарты жылдан кейін инсульт алған атасы құрығы ұзын ажалдың кемесіне мінген.
- Тіреуімнен айырылып, жалғыз қалдым. Несие төлеу үшін қайта жұмысқа шығып, Русланды Өскемендегі сәбилер үйіне өткізуге мәжбүр болдым. Қызым сияқты өзім де аспазбын. Басында уақытша деп ойладым. Бірақ қарыздан құтыла алмай, күндер, айлар сырғып өте берді. Немереме үнемі барып, қал-жағдайын біліп тұрдым, - дейді Наталья Устинова.
2023 жылдың күзінде Русланды шымкенттік отбасы асырап алуға ниетті екендігін естіген. Кімдер екенін зерттеп, әлеуметтік желіден ер адамның емшілікпен айналысатынын көрген.
- Руслан оны бірден «әкелеп» кетті. Көре сала «әке, әке» деп жүгіре жөнелді балапан... Кіршіксіз таза жүрегі арамдықты қайдан сезсін... Өзін байыпты ұстап, баланы басынан сипап, еркелетіп тұрған әлгі адамды көргенде мен де сеніп қалдым. Сөйтіп, сол жылдың 16 қазанында ол Руслан мен Александр есімді тағы бір баланы Өскеменнен Шымкентке алып кетті. 6 баланы асырағанын кейін мына сұмдықты естігенде барып білдік қой, - дейді.
2024 жылдың ақпанында сол алты баланың үлкені өздерінің мүшкіл хәлдерін айтып көмек сұраған соң тексеру жүргізіліп, емшіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Демек, Руслан осы отбасында 4 ай болған. Қазір ол Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.
- Жауыздың немереме және басқа балаларға қандай қатігездік көрсеткенін естігенде жүрегім қарс айырылды. Бұл – нағыз айуандық! Жануар екеш жануар да баласына олай істемейді. Ал сол адамның өзін әкедей көріп тұрған кішкентай періштелерге қиянат жасауын еш ақтауға болмайды. Оны қатаң жазалау керек!, - дейді Наталья Устинова.
Әжесі немересінің Өскеменге қайтып келуін тілейді. Қарыздан әлі құтылмаған. Әлі де жұмыс істеп, несие төлеп отырғанын айтады.
- Русланды осындағы балалар үйіне алдырса апта сайын барып тұратын едім. Оған дұрыс күтім жасалып жатқанын қадағалап, керек-жарағын жеткізіп отырамын. Жасым да біразға келді. Несиеден құтыла алмай тұрғаным болмаса немеремді өзім-ақ бағушы едім. Міне, біздің оқиға осындай, - деп ауыр күрсінген зейнеткер сөзін аяқтады.
Наталья Устинова айтқан Өскемендегі сәбилер үйіне де барып көрдік. Бірақ ондағы күзетші мекеме директоры Фатихова Салтанат Ерболатқызының орнында жоқ екендігін айтып, қақпа сыртынан ары қарай өткізбеді.
Емші ісінен соң Шымкенттегі білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Қалалық Білім басқармасы қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Абылаевтың айтуынша, педагогтер асыранды балалардың қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын бұған дейін білген және дер кезінде дабыл қақпаған. Осы әрекеті үшін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, жасөспірім баланың сынып жетекшісі, педагог психолог, әлеуметтік педагогке қатаң ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылған. Ал мектеп директорын жұмыстан босату мәселесі қаралып жатыр.
P/s:
Қазір балалардың жағдайы жақсы, олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Үлкені балалар үйіне қайта оралғысы келіп отыр. Бірақ олардың алдағы тағдырын сот шешеді. Қазір қылмыстық істі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ