«Ұстаздар күніне әлі қайд-а-а-а?!» деп таңданыспен тіл қатып, екіұшты көзқарас танытып жатса оқырмандар, уақа емес. Жол түсіп, Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылына табан тірегенімізде орта мектеп директорынан әлдеқандай ақпараттар алып қайтуды жөн көрдік. «Әр нәрсеге бір нәрсе себеп» демекші, суыртпақтап сыр тартып отырғанда Мұхамедсапа Фазылжанұлының осы білім ордасында 30 жылға жуық басшылық жасап отырғандығын, 90-жылдары ел көлемінде жағдай әлі де алмағайып, қазақ тілінің басымдық ала алмай тұрған сәтінде аралас мектептің тізгінін тартынбай ұстаған жанның жүріп өткен жолы, қымқуыт ғұмырдағы ұстанымы елең еткізбей қоймады. Асығыс болса да алтын уақытын бөліп, көрген-түйгенімен бөліскен жерлесіміздің қазіргі аяқалысы өңір көлемінде шаңырағы биік мектепті алға жетелеп келеді.
Тавриядағы аумалы-төкпелі сәттер
«Тәуелсіздік алған жылдан бері осы қызметті атқарып келемін» деп бастады кейіпкеріміз. Жасы ол кезде небәрі 31-де. Әлбетте кеңес өкіметінің әмірі жүріп тұрған тұста орда бұзар жастың ар жақ, бер жағындағы азаматтардың елдімекендерде директор болып отырғаны ресми деректер мен архив мәліметтерінде аз ұшырасқан жоқ. Десе де барған жерің аралас мектеп, қазақ қарадомалақтарының үлес саны әлі айтарлықтай аз болғанда жұмыстың арқалатқан жүгі ауыр, отыз тістен шыққан сөз өзге ұлттардың шымбайына тисе қайнаған қазанның алауына түсіп кетуің де мүмкін. Тартыншақтап, тайсақтап кіріскенімен жүйелі жұмыстың нәтижесі көп күттірмей байқала бастады. Оған мінезі де әсер еткен сыңайлы. Уақыт мәшинесі болса отыз жыл кейін шегініп, Мұхамедсапа Мұхитовтың айналасындағы ауыс-түйістің куәсі болып, жастық жалынымен білек сыбана кіріскен сәтін, тұтас ұжымды басқару сынды маңызды жұмыстың иісі сезіле қоймаған кезеңді көріп қайтуға болар еді. Алайда ашуды ақылға жеңдіріп, білім ошағындағы мамандарды айрандай ұйытып отырған жерлесіміздің азаматтық ұстанымы айтқан ойынан өн бойы көрінді. Қазіргі пікірін місе тұттық.
– Тәңір сыйлаған қос бүлдіршінім, Құдай қосқан жарым бар, жөні түзу жұмыс тауып, аяққа тұруды көздедім. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі ауысып, мектепке директор тағайындалмай қалды. Білім ордасының Ұлан өлкесі бойынша беделі асқақтап, елдімекеннің өзі аудан орталығы болып, тасы өрге домалап тұрды. 800 оқушы білім алып, 63 мұғалім еңбек етті. Алла сәтін салғанда, осы мектеп есігін айқара ашқан екен. Баспана бұйырып, кейін мектеп басшылығына тағайындалдым, – деді жерлесіміз.
Жұмысын ауыстыру жадында болмаған
Айтпақшы, Мұхамедсапа Мұхитов Шымқора ауылының тумасы. Тарих пәнінің мұғалімі. Маусым айының бірінде мектеп басшылығындағы еңбек өтіліне тұп-тура 30 жыл толды. Бір айта кетерлігі, осы уақыт аралығында басқа жұмысқа ауысу туралы ой болмаған да, өзге қызметке шақырғандар төбе көрсеткендерімен сезімнің ақылдылығы мен адамның асылдығын байқатар қызметін абыроймен жалғастыруды құп көреді.
– Басқа жұмысқа ауыссам жиған-тергенім мен бар еңбегім еш болады ғой. Бәрін қайтадан басынан бастауым тиіс, – деді директор өзекті өзгерістерді меңзеп.
Мектеп мұражайында
Қандай өзгерістер? Бұл жағы сәл кейінірек. Бізді таңырқатқаны, өз ісіне, жауапкершілік жүгін сезіну кезіндегі фанатизмі, былайша айтқанда, әрбір жайтқа кәсіби көзқараспен қарай білетін көрегендік қыры. Айтуынша, зейнет жасына бір жарым жылдан аз уақыт қалған. Мектеп басшысының жасы ұлғайған сайын өмірінің қалған жартысын қалай өткіземін деп емес, білім ошағы үшін тағы не істей аламын деген ойдың жетегінде жүруі де мәртебе емес, мәрттігі болар. Себебі бастапқыда ат төбеліндей аз қазақтың жан-жағына жалтақтай қараған сәті, онымен қоса қазақ мектебінің ашылуы үлес саны басым ұлттың ара-тұра дүмпуіне әкеп соқтырғаны рас.
– Өзім отыздан енді асқам. Орысшам да жетісіп тұрған жоқ. Қызметке кірісерде қаймыққаным рас, десе де бойымдағы қайнаған қайрат бәрін көлегейлеп, тек алға қадамдауыма даңғыл жол салды. Бастапқыда бес-алты-ақ бала оқып, алдымыз тұманданып тұрды. Сосын ауылды аралап, ата-аналармен арнайы жолығып, балаларын мектепке беруге үгіттедім. «Болашақ осылардың қолында ғой» деп ағымнан жарылдым, – деді шымқоралық маман.
Мектептегі менмен пікірлер
Қазақ бүлдіршіндері мен қарагөздерінің елпілдектігі ересен ғой шіркін, алғырлығы алып-ұшып, ұстаздардың айтқанын әп-сәтте қағып алатын қағілездік танытты. Мектеп директоры болса жылына төрт-бес оқушыдан шақырып, 1993-ші ашылған қазақ сыныптарының қазығын қағумен болды. Салған жерден 12 оқушы білім алып, кейін қатары арта түсті. Ендігі: «Ана сыныпта төрт-ақ бала, мына сыныпта алты-ақ оқушы, ал мен 25 баланы оқытып келемін. Алайда алатын жалақымыз бір» деген күңкіл лепестер кейбір жайттардың кейін кетуіне себеп болса да, өзіндік бағыты қалыптасқан аралас мектеп қалыптастыру ұстанымын өзгерте алмады. Сенесіздер ме, доминантты ұлт өкілдерінің ата-аналар қауымынан кейбір қазақ сыныптарына қатысты «Ана-а-у бұрыштағы кабинетке, болмаса дәретхананың бері жағындағы дәлізге барып оқи берсе қалай, әйтеу оқушы саны аз ғой?» деген ашықтан-ашық шеттету белгілері байқалған көрінеді. Осындай қайнап жатқан қазанның қақпағын жабу оңайға түспесе де, уақытты қашан да еншісіне алатын ғұмыр-керуен бірнеше жылда бәрін орнына қойды. Алты ай өткенде тұтас мектеп мойындап, «Болды, бізге Сапа Фазылжанұлынан басқа директор қажет емес» деп сан жерден айтылған сеніммен қаумалай түсті.
– Осы бір сәттің мектеп тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі болғаны сөзсіз, – деді Мұхамедсапа Мұхитов. – Ұжымдағылар «Бұйырса бұл қызметте ұзақ отырасыз. Ал біз болсақ, шама-шарқымызша қолдай түсеміз» деп уақ-уақ қанаттандырып жүрді. Бірыңғай білімді адамдарды басқару оңай емес, сын айтсаң шын айтуың керек. Кейін тәжірибесі толысқан егде жастағы ұстаздармен ой алмасқанымда олар да «Осы уақытқа дейін бақылап жүрдік, әр ісіңіз тап-тұйнақтай. Директор тұрғысынан қателеспеген екенбіз» деп жылы лебіздерін білдірді.
Қалыптасқан қолайлы жүйе
Бір қарағанда орда бұзар жасынан бері отыз жыл қызмет еткен шымқоралық маманның атқарып үлгерген еңбегі ауыз толтырып айтарлық, ал ұжымы үшін ұшан-теңіз болуы әсте мүмкін. Ең әуелі Таврия орта мектебінде қалыптасқан жанға жайлы орта. Жоғарыда аралас мектеп деп айттық. Қазір мұндағы оқушылардың ұзын-саны – 340 болса, қазақтардың үлес салмағы – 30%-ды құрайды. Оқырмандар тарапы түрлі ойдың жетегінде қалып, орыс тілді оқушылардың басым болуын, соған сәйкес қолайсыз орта қалыптасу ықтималдығын сана таразысына салып та жатқан болар. Алайда жағдай жұртшылық күткен келеңсіз жайтқа толы деп айтуға мүлде келмейді. Мектептің ішкері есігі ашыла бергенде «Сізге кім керек?», я болмаса «Вы к кому?» деген сөз тіркестеріне құлақ үйреткен соң әрлі-берлі өткен оқушылардың бірауыздан «Сәлеметсіз бе!» деп жарыса айтқан сәлемін қабыл аласың. Немкетті амандасу емес, мектепке келген әр мейманға жылы қабақ танытып, қарсы алу аттай отыз жыл аралығында қалыптасқан қолайлы жүйенің бір көрінісі. Айтып айтпай не керек, ер адамға тән көркем мінездің көрініс бергені де жасырын емес. Біз барған уақытта оқу жылы аяқталып, білім ордасында бір сәт тыныштық орнай бастаған. Жазғы лагерь жалауын көтеріп, бүлдіршіндер балалыққа баспай, демалысын салтанаты жарасқан мектепте мәнді де мағыналы өткізіп жатты деуге толық негіз болды. Қазақ-орыс тілді мұғалімдердің өз міндеттерін мүлтіксіз атқарулары әсіресе директор тапсырмасын орындаудағы құлшыныстары көрер көзге соншалық шынайы, риясыз көрінді. Мұндағы мұражай мен абайтану кабинеттері, мектептің жалпы құрылысы Ұлан ауданы бойынша өзге мектептерден біршама айрықшалап, даралап тұрғанын айта кетпеске болмайды. Іргетасының қаланғанына талай жыл болған ескі мектептің кетеуі кетіп, іргесі сөгілген соң жаңа білім ошағын салуға пәрмен берілді. Құрылыс қарқынды жүріп, мердігер ұйым да өз міндетін мүлтіксіз атқарған. Қызығы сол, жоспарға сәйкес қыркүйек айында тапсырылуы тиіс мекеме бір жарым ай бұрын, яғни шілде айының 20-сы күні есігін айқара ашты. Ғажап! Асығыс-үсігіс жүргізілген құрылыс емес, сәні мен сапасына қатар мән берілген еңселі оқу ордасы.
***
2016 жылы пайдалануға берілген мектептің мұражайы облыс деңгейінде лайықты бағасын алып, сәт сайын құнды жәдігерлермен толықтырылуда. Жерлесіміздің айтуынша, бұрынғы мектеп апатты жағдайда деп танылған соң тарихи дүниелерді мекемеге көшіру бейне бір ұлы көшпен тең болған. Белгілі алашордашы Райымжан Мәрсековтың шығармалары, есім-сойы елге мәлім зерттеуші, түрколог Сәрсен Аманжоловтың зерттеулері мен қалың қазаққа отты көздерімен қарап тұрған портреті Ұлан өңірін қойып, тұтас Шығыс жұртшылығына рух сыйлайтындай. Шағын музейдің өзі тұтас Таврия мен сол ауданның сырын шертіп тұр. Ал сапасы әлі сол күйі, сыны кетпеген мектеп жайлы жекелей мақала жазылса да артық етпес. Әзірге отыз жыл аралас білім ордасында өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай басқарып отырған Мұхамедсапа Мұхитовтың жүріп өткен жолымен тоқталуды жөн көрдік. Жаратқан соңынан ерген құлыншақтарының қызығын көруге жазып, қазіргі қызметін еш жерден шашау шығармай, абыроймен атқара берсін деген тілектеміз.
Әділхан ЕСІМХАНОВ