Шыңғыс Мұхаметқалиев Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді!

371
көрілім
Фотосурет сайт мұрағатынан

Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында жерлесіміз тұғыр сатысына көтерілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен 17 жасқа дейінгі спортшылар жарыс жолына шығып, ол сында шығысқазақстандық қос палуан жүлдегер атанды. Одан кейін, 23 жасқа дейінгі еркін күрес шеберлері бозкілемге беттеп, құрлықтық доданың жүлдесін сарапқа салды. 74 келіге дейінгі салмақта Самар ауданы, Көкжыра ауылының тумасы Шыңғыс Мұхаметқалиев соңғы жарыс күнінде өз мүмкіндігін байқады.

Алдымен Үндістан елінің өкілі Навин Навинмен жолықты. Шыңғыстың әр қадамына шабуылмен жауап беріп, еш әрекет жасатқызбады. Жерлесіміздің осал тұсын тапқан ол, айқын жеңіске жетті. Осының алдында ел чемпионатын еш қиналмай ұтқан спортшы ендігіде Навиннің белдесуін күтті. Егер финалға шықса, қола үшін күресуге мүмкіндік бар. Солай болды да. Жерлесіміз шиеленісті өткен кездесуде Түрікменстаннан келген Атамұрат Чарлиевтен 3:2 есебімен басым түсіп, маңызды доданың медалін мойынға тақты! Көкжыра ауылының тумасы үшін спорттық мансабындағы айтулы жарыстардың бірі. Алда Әлем чемпионаты. Бапкерлік құрамның ол додаға кімдерді апаратыны алдағы уақытта шешіле жатар.

Айта кетейік, оның алдында катонқарағайлық Досжан Әсетов күміске қол жеткізген еді. Финалда қырғыз спортшысына есе жіберді. Ал зайсандық Мұхаммед Балғабай 57 келіге дейінгі салмақта жүлдеге іліге алмады.