Шыңғыс Мұхаметқалиев мен Мұхамед Балғабай еркін күрестен ел чемпиондары атанды!

482
көрілім
Фотосуреттер sport_vko парақшасынан алынды

Қызылорда қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен ел чемпионатында шығысқазақстандық палуандар үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әзірге еркін күрес шеберлері сайысты қорытындылады. Көрсеткен нәтижеге үздік деп баға беруге әбден болады. Неліктен? Бірнеше себебі бар. Алысқа бармай-ақ, 57 келіге дейін салмақты алайық. Тарбағатайлық Сұлтан Құрманалиев пен зайсандық Мұхамед Балғабай нағыз бабында екендерін көрсетті. Екі топқа түсіп, алдына келген қарсыластарын кезек-кезегімен жолынан ығыстырды. Сырт көзге оңай көрінгенімен, финалға жету үшін біршама күштерін сарқыды. Бозкілемге әбден бой үйреткен жерлестеріміз шешуші сында жолығып, Мұхамед басым болды.

Суретте: Сұлтан Құрманалиев пен Мұхамед Балғабай

Қоржынға алғашқы алтын мен күміс медаль түсті. 65 келіге дейінгі салмақта осыған дейін тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген Әсет Бауыржанов сәтті белдесті. Финалда ұтылды демесеңіздер, оған дейінгі жүріп өткен жолдары көңілге сенім ұялатқаны рас. Екі дүркін ел чемпионы атанған Досжан Әсетов бұл жолы қола (70 келі) медальға қанағат тұтты. Жарыс көлемінде жарқын белдесулердің бірін көкпектілік Шыңғыс Мұхаметқалиев көрсетті. Өткен жылдары Өскеменде өткен чемпионаттағы есесін осы жолы толықтай қайтарған сияқты. Барлық бес белдесуін алсақ, 55:0 есебімен ұтқан! Бұл дегеніміз, әр кездесуін 11:0 есебімен аяқтап, қарсыластарына бір ұпай да бермегенін аңғартады. Шешуші сында Павлодар облысының спортшысын ұтқан Шыңғыс 74 келіге дейінгі салмақтың тізігінін ұстады.

Суретте: Шыңғыс Мұхаметқалиев пен Қажымұқан атындағы ШҚО жеке күрестен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Жандос Сайханов

– Барлық белдесуім өзім күткендей өтті. Тыңғылықты жаттығулар арқасында қарсыластарымды еш қиындықсыз ұттым. Алматы, Қызылорда облыстарының, Нұр-Сұлтан қаласының спортшыларымен күрестім. Шешуі сында павлодарлық палуанның осал тұсын таптым. Мамыр айында Азия чемпионаты өтеді, бұйырса сол жақта өз мүмкіндігімді байқаймын, – деді көкжыралық палуан.

Ауылдастары спортшының жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне сүбелі үлес қосқан алғашқы бапкері Талғат Қасайновқа алғыстарын жеткізді.

Бұдан соң 92 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Бекенов күміс, 86 келіге дейінгі салмақта Айбар Жылқайдаров қола медаль иеленді. Айта кетерлік жайт, екі алтын, үш күміс және екі қола медаль иеленген спортшылар жалпыкомандалық есепте көш бастады! Алда қыздар мен грек-рим күресінің шеберлері жарыс жолына шықпақ.

Әділхан ЕСІМХАНОВ