Шырайлы шаһар – Шымкент. Өскеменнен Шымкентке тікелей әуе рейсі ашылды

782
көрілім

Елімізде мыңдаған жылдық тарихы бар киелі орындар, сыры ашылмаған жұмбақ мекендер, қарағанда көз құмарын қандыратын көрікті жерлер көптеп саналады. Бірақ бұқара халық Қазақстанның ішінде саяхаттағаннан гөрі шетелге шығуға әуес. Әлбетте әлем аралап, таным көкжиегін кеңейту әсте дұрыс, десе де өз еліңнің таңдай қақтырар тұмса табиғатын тамашалағанға не жетсін, шіркін! Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған – таулары аспанмен астасқан кенді Алтай өлкесі емес, тарихқа тұнып тұрған қызғалдақтар мекені – Шымкент шаһары.

Сіз бен біздің арамызда шуақты Шымкентті бір көрсе деген ой келмеген сірә ешкім жоқ шығар. Алайда бұған жолдың ұзақтығы, ал ұшақ билеті бағасының тым қымбаттығы кедергі болды. Енді бұл ойды іске асыруға ешқандай бөгесін қалмады. FlyArystan әуе компаниясы 7999 теңгеге Өскеменнен тікелей Шымкентке жетуге мүмкіндік сыйлап отыр.

– Осы жылдың тамыз айынан бастап 2021 жылдың 27 наурызына дейінгі аралықтағы билеттер сатылымға шықты. Өз демалысыңыздың уақытын жоспарлап, билетті алдын ала сатып алғаныңыз жөн. Ал біраз күн бұрын ғана алсаңыз онда баға қымбаттайды. Бір айта кететіні, жеңілдікпен сатылатын билеттерді басқа күнге ауыстыра алмайсыз (тек айыппұл төлеп ауыстыруға болады) және өзіңізбен бірге 5 келіге дейін қолжүгін алып жүруге болады. Ал жолжүгі мен тағамдарды бөлек сатып алуыңыз тиіс. Бұл ретте де алдын ала төлем жасасаңыз әлдеқайда арзанға түседі, – дейді FlyArystan әуе компаниясының PR менеджері Ләззат Набиева.

Жуықта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған пресс-турға қатысып келген едік. Бірнеше күн бойы Шымкент қаласын алаңсыз аралап, ерекше әсерге бөлендік. Енді газет оқырмандарын мыңдаған жылдық тарихы бар шаһармен таныстыра кетуді жөн көрдік.

Ибраһим ата, Қарашаш ана кесенелері

Архитектуралық ескерткіш Шымкентке жақын маңдағы Сайрам ауданында орналасқан. Орта ғасырларда ислам дінін насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғұламалар, ұстаздар пайда болған еді. Солардың бірі – атақты Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим ата мыңдаған мүриттерге ұстаздық еткен. Табиғат тылсым күш сыйлаған, бақсылық қасиеттерімен ерекшеленген тұлғаның кесенесіне барып құран оқытып қайтатындар аз емес.

Қарашаш ана кесенесі – ХІІІ-ХІV ғасырларда тұрғызылған. Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол атақты сайрамдық Мұса шейхтың қызы болған. Айша бибі өмір сүрген ХІ ғасырда ғылым мен өнердің, мәдениеттің дамыған кезі-тұғын. Ұлы ғұлама Қожа Ахметтің анасы өз дәуірінің көзі ашық, әдепті, білімді әйелдерінің бірі болды. Қарашаш ананы бүкіл түрік әлемі ардақ тұтады. Ол ізгі аналықтың символы іспеттес. Кесененің қабырға қалауына қосымша тіреу ретінде арша қолданылған. Оңтүстік және батысындағы қабырғаларының маңдайшалары сүйір жебеге ұқсатылып өріліпті. Өрнекті кірпіш қалау әдісімен күмбез дөдегесін айналдыра белдеу тартқан. Күмбездің төрінде Қарашаш ананың мәрмәр тақташалармен көмкерілген қабірі орналасқан.

«Шымкент ескі қалашығы» археологиялық нысаны

Бұл жерге келгенде көне заманға қайта оралғандай болдық. «Шымкент ескі қалашығы» – Қазақстан Республикасының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілген археологиялық нысан. Қалашықта үш стратиграфиялық қазба жасалған. Қалашықтың мәдени қабаттары 14 метрді құрайды. Ең төменгі қабатында б.з.д. ІІІ ғ. соңы - б.з.д. ІІ ғ. басына тән керамика кешені бар. Ол Соғдының урбанизацияланған қоныстарына сәйкес келеді. 2021 жылы кешен аумағында үш деңгейлі ортағасырлық мұражай мен 500 орындық амфитеатрдың құрылысы басталмақ.

Дендросаябақ

Жасыл желек жамылған дендросаябақ елімізде тек Шымкентте ғана бар. Жалпы аумағы – 129,37 гектар. Мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ флорасы 5 географиялық аймаққа бөлінген: Шығыс Азия, Орта Азия-Қазақстан, Солтүстік Америка, Қиыр Шығыс-Сібір, Еуропа-Қырым-Қапқаз. Саябақ аумағындағы ағаш-бұталардың жалпы саны 100 мыңнан асады. Мұнда бірқатар мемлекет басшыларының, есім-сойы әлемге танымал тұлғалардың өз қолымен отырғызған ағаштары да бар.

Хайуанаттар бағы

Бала туристер үшін шаһардағы хайуанаттар бағының есігі айқара ашық. Іргесі 1985 жылы қаланған бақта 350-ден астам жануар бар. Бүлдіршіндер аң патшасы арыстанды, керік пен сусиырды, бизон мен леопардты көре алады. Мұнда Қызыл кітапқа енген аң түрлері де аз емес. 2015 жылы қазан айында бұл жерге сирек кездесетін көк түсті қой әкелінген. Бұдан бөлек, хайуанаттар бағының аумағында балықтың 510 түрі кездесетін аквариум қойылған. Баққа кірудің бағасы ересектер үшін – 300 теңге, балаларға – 150 теңге.

Бәйдібек би ескерткіші

Бұл еліміздегі ең үлкен ескерткіштің іргетасы 2012 жылы қаланған. Монументті орнату үшін Шымкент қаласының солтүстік бөлігіндегі ең биік жоталарының бірі таңдалды. Арнайы жасалған төрт метрлік төстабан мен 9 метрлік іргетас қосылған. Мүсіннің өзінің биіктігі 10 метрді құрайды, төстабанды, іргетас пен ескерткішті қоса есептегенде монумент биіктігі 23 метрге жетеді. Жалпы салмағы 9 тонна болатын мыспен қапталған мүсін, рекордтық мерзім – небәрі 20 күнде бой көтерген. Бәйдібек Қарашаұлы (1356-1419) – қазақ ұлтының атақты һәм және батыры. Ол өз дәуірінде әділдігімен, шешендігімен танымал болған.

«Қылует» этнографиялық музейі

Мұнда халқымыздың тұрмыс-салтын бейнелейтін саздан жасалған түрлі бұйымдар, құмыралар мен ыдыстар қойылған. Музей директоры – белгілі академик Кендебай Қарабдалов. Сазбалшықтан әртүрлі бұйымдардың қалай жасалатынын да көзбен көруге болады. Музейдің бір бөлігі жер астында орналасқан – жерасты мешіті.

Ең арзан кәуәп пен дәмі тіл үйіретін палау

Қонақжай қала Шымкент туристердің қалтасын қақпайды. 1000 теңгеге екі адам тойып тұрып тамақ іше алады. Кәуәптің бағасы – 350 теңге ғана. Өзгеше дәм татқыңыз келсе – Сандық мейрамханасына барғаныңыз жөн. Онда ғаламшардың басқа еш жерінде кездеспейтін, түркі халықтарының байырғы тағамдарынан дәм тата аласыз. Ал дәмі тіл үйіретін Шымкенттің палауын жеген де, жемеген де арманда!

Орталық Азиядағы ең үлкен шолу дөңгелегі

«Жайлаукөл» демалыс аумағында орналасқан алып әткеншектің биіктігі - 50 метр. Орталық Азиядағы ең үлкен Шолу дөңгелегіне отырсаңыз мұқым шаһар алақандағыдай көрінеді. Мұнда барлық жастағы серуендеушілерге арналған 20-дан астам түрлі атракциондар орналасқан.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ