Сириядан Қазақстанға қайтарылған 15 азамат бас бостандығынан айырылды

366
көрілім

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі "Жусан" операциясы шеңберінде Сириядан 600-ге жуық Қазақстан азаматы елге қайтарылғанын, террористік ұйымның әрекетіне қатысу фактісі бойынша 15 адамның жазаға кесілгенін мәлім етті деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі NUR.KZ. сайтына сілтеме жасап.

 

Баспасөз қызметінің ақпарынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзге мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестерімен бірлесе отырып, "Жусан" операциясы шеңберінде Сириядан 595 Қазақстан азаматын елге қайтарды, оның ішінде төрт жүзден астамы – балалар.

"Елге қайтарылған адамдардың ішінде 10 ер адам мен 5 әйел Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ халықаралық террористік ұйымының әрекетіне қатысу фактісі бойынша әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды", – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, тергеу нұсқасы бойынша, Сирияда ДАИШ-тың бір жасағында болған тағы 14 азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Оларға террористік әрекетке қатысты, лаңкестікке тартты және терроризмді насихаттады, сондай-ақ өзге де ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды.

Қылмыстық іс материалдары Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотына берілді.