Облыс әкімдігінде өткен жиында аудандарға бөлінген қаржының игерілуі мәселесі сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірді дамытуға бөлінген бюджеттің қайда жұмсалып жатқанын жауапты тұлғалар рет-ретімен баяндады. Аймақ әкімі Ермек Көшербаев сандарды сөйлеткен Қаржы басқармасының басшысы Светлана Большакованың ақпаратына мұқият үңілді. Бірнеше әкім мол қаражатты жыл бітпей игеріп үлгермеген. Басқарма басшысының сөзінше, Самар ауданының әкімдігі көшелерді жарықтандыру бойынша сылбыр жұмыс істеген. Игерілмеген қаржы - 90 млн теңге шамасы. Бірақ Самар ауданының басшысы еңбек демалысына шығып кеткен екен, орнына басқа әкімдік өкілі келді.
- Осынша қаржыны іске жарату қиын ба? Біз 21-ші ғасырда тұрамыз. Жарық тарту жұмысы бірнәрсені ойлап табу емес. Бұл ұят нәрсе. Егер әкім еңбек демалысына шықса, ертерек жиын өткізіп, бәрін нақтылауы керек. Атқарған жұмысына қарай сөгіс берейін дегем. Қазір жарықтандыру бойынша сот ісі жүріп жатыр, - деді Ермек Беделбайұлы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ