«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Өскемен қаласының Сол жағалау саябағында өткен сенбілікке 300-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Акцияға қатысушылар керекті құрал-жабдықтармен қамтылды. Шағын топтарға бөлініп, Этноауыл, хайуанаттар бағы мен әскери техника аллеясы аумақтарын тазалады.
- Бүгін біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазақстан халқының тарихи мұрасы саналатын ескерткіштер маңын ретке келтірудеміз. Қыс мезгілінен кейін айналаны тазалап, ауланы реттеуге көштік. Тарихымыз бен тамырымызға үңілу өте маңызды. Бүгін тек мұражай ғана емес, басқа да мекеме қызметкерлері сенбілікке шығып, барлығы белсенділік танытуда, - деді қорықтағы облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражайының орыс этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Александр Яковлев.
Қызметкерлер Этноауыл аумақтарын тазалаумен қатар, мұнда сәндік және бақша өсімдіктерінің көшеттерін отырғызуды жоспарлап отыр.
- Үйлерді жинап, жаз маусымына дайындап жатырмыз. Жазда қырыққабат, бұрыш, қызылша, сәбіз, картоп егеміз. Кейін ол жануарларды тамақтандыру үшін хайуанаттар бағына тапсырылады. «Таза Қазақстан» акциясының арқасында этноауылдың аумағы ретке келтірілетініне қуаныштымыз. Барлығы сенбілікке белсене қатысуда, - деді «Этноауыл» кешендерінің бірінің қамқоршылары.