Биыл еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың сөмке салмағын азайтуға алғашқы қадам жасап, қыркүйек айында сәйкес бұйрық шығарды. Қолға алынған игі іс жақын арада оң шешімін тапаса да, келер жылдары жақсы нәтижеге бастары сөзсіз.
Сколиоз — оқушылар арасында кең тараған диагноз түрі. Оның асқынуына бой талаптарына сай емес мектеп жиһазымен қатар жыл сайын жаңа пән қосылатын мектеп сөмкесі де септігін тигізуде.
2018 жылдың қыркүйек айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш мәселені қолға алуды жөн көрді. Білім нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға өзгерістер енгізілді. Онда Денсаулық сақтау министрлігі мектеп сөмкесінің салмағын азайтуға шындап бет бұрған сыңайлы.
Жаңа талапқа сәйкес, бұдан былай 1-3 сынып оқушыларының сөмкелеріне салмағы екі келіден аспайтын оқу-құралдары салынуы тиіс. Ал 4-5 сынып оқушыларыныкі 2,5 келіден, 6-7 сынып оқушыларының оқу құралдары салынған сөмке 3,5 келіден аспауы керек. Жоғарғы сынып оқушылары ең көп дегенде 4,5 келіге дейін оқулықтарды тасуы тиіс. Бірден айтайық, аталған сандарға оқу сөмкесінің өз салмағы енбейді.
Денсаулық сақтау министрлігі оқушыларды артық салмақ көтеруден арылту үшін оқу кестесін өзгертуді жөн санайды. Алайда жаңа оқу жылы басталып, оқулықтар жеткізіліп қойған уақытта енгізілген өзгерістер биылғы жылы назарға алына қоюы екіталай. Өйткені құрылып қойған оқу кестесін өзгерту мүмкін емес дейді мектеп директорлары.
- Бұл тіптен мүмкін емес, - дейді атын атамауды жөн көрген мектеп директоры. - Оқу кестесі "Күнделік" электронды журналына енгізілген. Бір сабақты болсын орнынан жылжыту барлығын түбегейлі өзгеріске ұшыратады. Оқушыларға қойылған баға да жоғалады. Оның үстіне деректер сақталмайды.
Қалай дегенмен жаңа талап 30 қазанда күшіне енді. Бірақ шала туған шақалақ сияқты өзгерістің өмірге бейімделе қоюы екіталай. Бір-біріне жанаспайтын талабы бар қос министрлік алдағы уақытта "бір жағадан - бас, бір жеңнен - қол" шығара ала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Оны ертеңгі күні орын алатын өзгерістерден білетін боламыз. Ендеше әліптің артын бағайық, ағайын!