Соңғы қоңырау соғыла ма?

455
көрілім
Шартты фотосурет

Жұқпалы індеттің салдарынан балаларымыз сабақты үйден оқып жатыр. Алайда телеарналардан көрсетілетін бейнесабақтарда кемшіліктер жоқ емес. Мысалы 4-ші сыныптарға арналған қазақ тілі сабағында мұғалімнің өзі сөйлем мүшелерін ажырата алмай қалды. Мұндай олқылықтардың орны толықтырыла ма? Екінші сұрайын дегенім, оқушылар осы төртінші тоқсанды толықтай онлайн өтетін болды. Ал мамырдың соңында соңғы қоңырау соғыла ма?

Зайсан қаласынан тұрақты оқырман

Бұл сауалыңызға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді:

– Біз де осы қателерді көріп отырмыз. Шынын айту керек, қашықтан оқытуға мұғалімдер де, мектептер де дайын болмады. Сонымен қатар жаңа формат аясында мұғалімдердің қобалжуы да көрінді. Екі аптаның ішінде 700-ден астам сабақ көрсетілді. Олардың басым көпшілігі демалыс кезінде түсірілген еді. Сондықтан жіберілген қателер үшін қоғамнан, яғни ата-аналардан, балалардан кешірім сұраймыз. 700-ден астам бейнесабақтың арасында екі сабақта қате кеткені мәлім болды. Аталған бейнесабақтар бірден көрсетілімнен алынып, кейін қайта түсірілді. Барлық телевизиялық сабақтар қолжетімді, Youtube-каналдарға жаңа бейнесабақтар орналастырылды. Ары қарай тексеру жұмыстарын күшейтіп, мұндай қателерді болдырмаудың барлық шаралары іске асырылуда.

Өздеріңіз білесіздер, биыл қорытынды аттестаттау болмайды. Бұған дейін 9-сыныпта төрт пәннен, 11-сыныпта 5 пәннен емтихан жұмысын өткізу қарастырылған болатын. Сондықтан бұл қорытынды аттестаттау жүргізілмейді. Барлық пәндер бойынша жылдық қорытындылар негізінде аттестат тапсырылады. Соңғы қоңырау жайлы айтар болсақ, егер елімізде коронавируске қатысты жағдай өзгермесе, соңғы қоңырау болмауы мүмкін.