Қазақтың қылықты қыздарына арнап «кербез» деген теңеу айтылып жатады. Соңғы уақыттары мамандар жануардың осы бір түріне де қолдануды әдетке айналдырған. Асқаралы шыңдар мен қалың қарда қарғып жүретін барыстың биікте мекендейтіндігіне қарап «кербез аң» деуді жиілетті. Алтайдың кіршіксіз қарына аунап, өлекседен бойын аулақ ұстайтын паң әрі тектіліктің бір көрінісі болған тау тағысының қазіргі жағдайы қалай? Қорықтар мен ұлттық парктер жақпар құздар мен қарлы жондарды мекен ететін аңнын санын реттеу үшін қандай жұмыстар жүргізуде? Бірнеше пікірді байланыстырып, тақырып төркініне үңіліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Өзінше дербес, тәкаппар...»
Табиғатынан тауешкі, елік, керек болса кекілік аулап қоректенетін қар барысы жайлы жазылған зерттеу еңбектері мен мақалалар аз емес. Басым көпшілігінде олардың жағдайы, соңғы уақытта қатары сиреп, саны азайды деген сауалдар төңірегінде жауап іздеген. Бір деректерде жазушы Әбіш Кекілбайдың түз тағысына қарата айтылған сипаттама-теңеуін кездестірген едік.
– Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, алайда қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ айрықша шалымдылығымен өзін «сыйлата» алатын текті жануар, – деген еді.
Бір сөйлемнен-ақ барыстың болмысын аңғаруға болатындай. Енді ресми мәліметтерге тоқталған жөн болар. Бұл тұрғыда Катонқарағай Мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымовтың пікірін біліп көрдік. Соңғы санақ бойынша өңірдегі қар барысының саны – 11. Ұлттық парк аумағында 900-ден астам тауешкі мекен етсе керек. Осылай деген Ерік Тұрсынханұлы түз тағысы ара-тұра Марқакөл қорығында да кездесетінін алға тартты. Айтуынша, Марқа өңірінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазір қар барысы мен тауешкі арасындағы байланыс талай жылдан бері «қойшы қойын бағып жүр» деген үрдіске ұласқандай. Тауешкілер санын түздің осы текті тағысы реттейді екен. Көптеген деректерде барыстың марал, елікпен де қоректенетіндігі жазылғанымен ұлттық парк маманы негізгі жемтігі тауешкі мен Алтай ұлары екендігін баса айтты. Тектілік деген сөзіміз осы тұста көрініс бергелі тұр.
Барыстың саны сиреген жоқ
– Қар барысы кейде санитар қызметін атқарады. Қатты ашыққан сәтте қасқырша қырып тастамай, керек тұсын таңдап, бір тауешкіні ғана еңсереді. Бұл аңның осындай қасиеті бар, – деген пікірден-ақ таза қанды жануардың жаңа бір қырын байқаймыз.
Негізінен 3000-4000 метр биіктікке дейін көтеріліп күнелтетін аң Алтай аумағында салыстырмалы түрде төменді кезіп жүреді. Әрине төмен дегенде де 1500-2500 метр биіктік аралығында. Өкініштісі сол, соңғы уақыттары аңның өзге түрлері фототұзаққа ілінгенімен қар барысын кезіктіру мүмкін болмай келеді. Мұны паң әрі шалымды ақ шұбар түкті жыртқыштың сиреп кетуімен байланыстыру жаңсақ пікір. Бұл тұрғыда да мамандардың айтар тұщымды уәжі бар.
– Ұлттық парк құрыла бастаған 2000-шы жылдардың басында қар барысының санын реттеп, оларды сақтау қолға алынбай тұрғанда мүлде жоқ болған деседі. Содан бір жылдары екеу, төртеуге дейін жетсе, қазіргі уақытта 10-11-дің маңайында. Кейде көршілес Қытай, Ресеймен шекарадағы тау арқылы өтіп жүреді. Жалпы осыған дейін заңсыз барыс аулағандар тіркелмеді. Қызыл кітапқа енгізілгендіктен ол үшін бекітілген айыппұл мөлшері де жоғары, – деді Ерік Тұрсынханұлы.
Осы тұста өңірге есімі белгілі орнитолог-ғалым, өлкетанушы Борис Щербаковтың пікірлерін кірістіре кеткен жөн. Әңгіме бөгеуі ағытылған сәтте білікті орнитолог танымал жазушы Максим Зверевтің үйінде барыс асырағаны хақында аз-кем тоқталды. Айтуынша, 50-ден астам кітаптың авторымен 1963 жылы танысқан, алайда ол кезде барыс болмапты. Сондағы естелігінен «барыс әбден қолға үйретілген, ұдайы қонақ бөлмедегі диванда жататын» деген сәттерді сыр сандығынан ақтара жеткізді. Мысық тұқымдастарының ішінде жыртқышы болса да келген қонақтардың қамқорлығы мен ілтипатын бірден аңғарған. Қар барысының көбінде жалғыз жүретіні белгілі. Аулайтын жемтігі жеткілікті болса ғана екеу-үшеуден топтасқан. Барлық мысық тұқымдастардың табиғатына тән түнде жорыққа шығады, дыбыс естудегі сақтығы да айрықша. Жер бауырлап жүргенде үн шығармайды, ал табиғи болмысы мен сырт келбеті тауда өмір сүруге бейімделген.
Бар-жоғы білінбейді
Борис Щербаков одан әрі егжей-тегжейлі сабақтай отырып әңгімеледі. Айтуынша, қар барысының құйрығының да жүні қалың, күлтеленіп тұрады. Африка, Оңтүстік Америка немесе Азияны алсақ, мысық тұқымдастардың ешбірінде ондай ұлпа жүн болмайтын көрінеді. Жануардың тұрқы 1-1,30 метрдей болса, құйрығы денесінен де ұзын.
– Бұл не нәрсемен байланысты? Барыс қандай да бір күрделі, бұралаң жолдармен өткенде бағытынан тайқып кетпес үшін құйрығымен әрекет етеді, – дейді орнитолог. – Былайша айтқанда, тиін сияқты тепе-теңдігін сақтайды. Десе де түлкінің құйрығы да өзінше күлтеленген. Қар бетінде 3-4 метрге дейін қарғығанда аз болса да құйрығы арқылы серпін алатынын аңғардық.
Асқаралы тауларды кезіп жүретін барыстың тағы бір артықшылығы, оның айтарлықтай алысқа әрі биікке қарғуында. Борис Васильевич осы бір аңнан асып түсіп, ары қарғитын тағыны кезіктірмегендігін жеткізді. Айталық, оның туысқаны леопард аранына жемтігін қыстырып алып ағашқа өрмелеп шықса, барыстар олай етпейді. Керісінше, орман-тоғайы жоқ құздарда тіршілік етіп, керек болса тар шыңырауларда 15 метр биікке қарғиды. Бұл жерде іс-қимыл жоғарыдан төменге емес, төменнен жоғарыға қарай болғандығын ескерейік. Десе де сену қиындау, алайда мұндай жайттар болған екен. Осындай мүмкіндігімен арқарлар мен тауешкілердің ізін бағады. Жемтігі жүріп өткен соқпақты тапқан соң барыс бір сәт сілтідей тынып үн шығармай, күтумен болады. Іздегенін бірнеше метрден болсын көзі шалса, орайлы сәт осы деп төбеден келіп атылады. Бұл жерде Борис Васильевич барыстың қаншалықты алысқа секіре алатындығын мысал еткен. Өзінің бар-жоғы білінбейді, оған қоса тасқа біткен қыналардың күмістей болып түсін өзгертуі ақ шұбар түкті барысты мүлде көрінбейтін етеді. Тауешкі мен арқардың да сезімталдығын қаперден шығармайық. Алыстан-ақ қауіп барын сезіп, сақтыққа көшетін оларға әккілігі өздерінен асып түсетін барыстың жаратылуын табиғаттың ерекшілігі мен тылсымы құпиясы десек артық айтпаспыз. Орнитолог келтірген дерекке сүйенсек, барыс суырды азық етіп, құздарды қамсыз кезетін қоян тектес аңның тағы бір түрін аранына түсіреді. Ал көпшілік көкейінде барыспен бетпе-бет кезігіп қалғанда немесе кербез аң ту сыртында тұрса «адамға шабуылдай ма?» деген заңды сауалдың туындауы мүмкін. Бұл жөнінде де пікірлер айтылды.
«Адамнан іргесін аулақ ұстайды»
– Барыс көп жағдайда адамдарға сенім артқандай болады. Бір кездері барысты жаппай қырған оқиғалар орын алған. Қазақстан мен Қырғызстандағы аңшылар аша тұяқтылардың талайын атқанда, биіктегі барыстың да қорегі таусылды. От қарудан аман қалғандары аштықпен күресті. Тіпті мұндай жағдайда да барыстың адамға атылуы екіталай. Қызық болғанда, алматылық зоолог түсірген фотосуреттен қар барысының адам жанынан төрт метр жерде кетіп бара жатса да тиіспегенін көруге болады. Жалпы барыстар адамнан іргесін аулақ ұстайды, – дейді өлкетанушы.
Олардың санағын жүргізуге бірден-бір бағытталған фототұзақтар да қуаттылығына қарай жыл бойы қосылып тұрады. Бір барысты қайта санап қоймас үшін құралдың орнын ауыстырып, қар бетіне түскен ізді сараптайды. Өскемендік өлкетанушы пікірімен бітімі бөлек мысық тұқымдастың ерек қабілеттеріне ой жүгірте отырып, фототұзақ құру мен құз басына шығудың ұлттық парк мамандарына қаншалықты машақат, күрделі жұмыс екендігін іштей бағамдап көрдік. Олардың арнайы киімі мен құрал-жабдықтары бағасының қолжетімді бола қоюы екіталай. Осы тұрғыда басшылық тарапынан қандай да бір мүмкіндіктер қарастырылған ба? Ерік Тұрсынханұлының сөзінше, мұндай шараларға бірқатар меценаттар атсалысқан.
– Барысты қорғауға байланысты арнайы қаржы бөлінбейді. Мақсатымыз табиғатты қорғау, жануарлар өсімін сақтау болғандықтан мамандар бірлесе жұмыстар атқарамыз. Өткен жылы Ғани Шаймарданов пен Қайрат Ахметов есімді қалталы азаматтар табиғат жанашырларына қыста тауға шыққанда қажет жылы киімдер, тоғыз дана фототұзақ және заманауи фотоаппараттар сатып алып берді, – деген бөлім басшысы жыл артқан сайын жұмыс бірқалыпты жалғасып келе жатқандығын жеткізді.
Аңшылардың әрекеті алаңдатуда
Қазіргі уақытта қар барысын сақтау мақсатында Ұлттық парк мамандары мектептер, шаруа қожалықтары, әкімдік сынды тараптармен тізе қосып, түсінік жұмыстарын жүргізіп, газет беттерінде арнайы мақалалар жарияланатын көрінеді. Одан бөлек, ішкі істер органдарының қатысуымен мониторингтер, рейдтік шаралар қолға алынып отырады.
Жоғарыда жазылғандай, өзге жыртқыштардан сырт келбетімен айтарлықтай айрықшаланатын барысқа көзі түсіп, терісін кәдеге жаратуға асық браконьерлер әлі де бар. Борис Васильевич ел аумағында көзге көп шалынбайтын бекзаттығы бар осынау аңды сақтау бойынша Ақсу-Жабағылы қорығы мен Катонқарағай Мемлекеттік табиғи ұлттық паркін тілге тиек етті. Орнитологияның жілігін шағып, майын ішкен маманды қолына қару алуын жиілетіп, сирек кездесетін аң-құстың ізіне түсіп, аңшылыққа құныға түскен браконьерлердің қатігездігі алаңдатады. Қай тіршілік иесінің болсын, өмірде өзіндік орны, атқарар міндеті бар екендігін ескерсек, флора мен фаунаның сақталғандығы маңызды жайт екендігі сөзсіз. Ал тақырып аясында ой қорытар болсақ, 23-ші қазан – Халықаралық қар барысы күні етіп бекігендігін жануарлар жанашыры мен жауапты тұлғалар қабылдаған оңды шешім деп білдік.
Әділхан ЕСІМХАНОВ