Қазіргі таңда сот жүйесі қылмыстық істер мен материалдарды электронды форматта қарастыруда. Бұл өз кезегінде процесті ыңғайлы әрі шынайы жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бұл туралы Өскемен қалалық №2 сотының төрағасы міндетін атқарушы Тельман Алимханов журналистермен өткен брифингте хабарлады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 21 іс пен 247 материал үкімді орындау тәртібінде қарастырылған.
– Бірінші жартыжылдық бойынша 324 қылмыстық іс келіп түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 49,8% – ға кеміген. Қаралған қылмыстық істер санының да төмендеуі байқалып 51,7% – ды көрсетті, – дейді Тельман Алимханов.
Осы жылдың өзінде 224 іс бойынша үкім шығарылған. 228 адам сотталып, 36-сы ақталып шықты. Бұл ретте 2018 жылға қарағанда ақталғандар саны 47,2% – ды құраған.
Сонымен қатар 298 қылмыстық істің 113-і қысқартылған түрде қаралып, тараптарды татуластыру мен медиация келісімі арқылы 29 іс шешімін тапқан. «Соттағы бітімгершілік процедуралары» пилоттық жобасын іске асыру бойынша 4 іс түйінделді.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ