Сотталғандар Тәуелсіздікті тойлады

487
көрілім
Шартты фотосурет

Өскемендегі ОВ 156/1 мекемесіндегі сотталған азаматтар Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға Шығыстың айтулы әншілері де келіп өнер көрсетті.

Қазақ елінің әнұраны шырқалған соң мекеме басшысының орынбасары, әділет подполковнигі Жасұлан Молдаханов құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

– Киелі де қасиетті Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Өздеріңізге денсаулық, береке-бірлік тілеймін! Тезірек отбасыларыңызбен, туған-туыстарыңызбен қауышып жатуларыңызды тілеймін, – деп жүрекжарды ақ тілегін арнады.

«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, темір торда жазасын өтеп отырған азаматтардың ішінде де жезтаңдай әншілер, суретшілер бар. Мерекелік шарада бірі әннен шашу шашса, енді бірі акт залын безендіруге ат салысқан.

Мереке-мейрам болса сахна төрінен табылатын Диас Масалимов, Алтынбек Қабдешов, Манат Құмановтар бұл жолы да әннен шашу шашты, Тәуелсіздік туралы өлең-жырларын оқыды. Сонымен қатар кеш қонақтары да әннен шашу шашты.