Студенттерге жатақхана беру ережесі өзгереді

121
көрілім

"Ашық НҚА" порталында колледждердің жатақханаларындағы орындарды бөлу туралы құжат жобасы жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ ӨТІНІШ БЕРЕ АЛАДЫ 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 66 "Білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасында бірнеше жаңалық қарастырылған.

Біріншіден, бұрын өтініштерді қабылдау және нәтиже шығару техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары (колледждер) және eGov.kz сайты арқылы жүзеге асырылса, енді тағы бір коммуникация арнасы қосылды - eGov.kz веб-порталында тіркелген ұялы телефон.

СТУДЕНТКЕ СҰРАУ САЛАДЫ, 24 САҒАТ ІШІНДЕ ЖАУАП БЕРУ КЕРЕК

Екіншіден, енді қызмет көрсетушінің бастамасымен бұл қызмет проактивті түрде көрсетілуі мүмкін. Яғни, студент жатақханадағы орынға өтініш бермесе де, оған мұндай қызмет қажет екенін анықтау үшін автоматты хабарлама жіберілуі мүмкін. Бұл хабарламаға 24 сағат ішінде жауап беру керек.

КІМДЕРГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Жатақханадағы орындарды бөлу келесі басым тәртіпте жүргізілетін болады:

  1. жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалар;
  2. III топтағы мүгедектігі бар адамдар, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек адамдар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын адамдар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген жеңілдіктер бойынша ардагерлер, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарындағы адамдар, сондай-ақ қандастар;
  3. "Мәңгілік ел жастары - индустрияға!" ("Серпін-2050") жобасы шеңберінде білім алушылар;
  4. президенттік, халықаралық және республикалық олимпиаданың және (немесе) конкурстың жеңімпазы немесе жүлдегері сертификаты бар бірінші курсқа қабылданған білім алушылар, сондай-ақ білім беру ұйымын үздік бітірген талапкерлер;
  5. бірінші курсқа оқуға қабылданған және білім беру ұйымы өткізген конкурс немесе әңгімелесу қорытындысы бойынша жоғары балл алған білім алушылар (балдар тең болған кезде білім алушының материалдық жағдайы ескеріледі);
  6. оқу, ғылыми және қоғамдық жұмыста жоғары нәтижелері бар жоғары курс студенттері қатарынан білім алушылар;
  7. ұйымның өзге де білім алушылары.

ЖАТАҚХАНАДА ТҰРУ ҚҰНЫ ҚАНША?

Бұл ретте жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ересек жас қазақстандықтар, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалар жатақханада тұру құнының өтемақысын 29 АЕК-тен аспайтын мөлшерде алады (2024 жылы бұл 107 мың теңге).