Олардың айтуларынша, мәселе бес-алты жылдан бері шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тақырып өңір басшысы Ермек Көшербаевтың алдында көтеріліп, көпшілік бұл жерде бір гәп бар деп күмәнданды.
- Самар ауылында қазылмаған көше жоқ. Не бітпеді, не қоймады. Егер қаржы бөлініп, ол игеріліп, халық таза ауызсу ішпесе, жұмысты бастаудың не қажеті бар? Су мәселесі әбден ығырымызды шығарды. Су мұнарасы да әбден тозған, - деді ауыл тұрғыны Айдархан Садықов.
Аталған жайттың бірнеше елдімекенде өзекті екені анықталды. Ермек Көшербаевтің сөзінше, бұл күрделеніп кеткен мәселе. Бақылаушылар уақтылы байқамаған көрінеді.
- Осы аралықта талай мердігердің ауысқаны белгілі. Бұл ретте қазылған аумақтардың барлығын тексеріп, нақты жауап ұсынған дұрыс. Анығы сол, қазылған жер қараусыз қалмайды. Келісімшарт бойынша рекультивация жасалып, қалпына келтіру керек. Соған назар аудармақпыз, - деді аймақ әкімі.
Бұған қатысты облыстық құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев ресми ақпарат ұсынды.
- Су мұнарасы бойынша жұмыс 2024 жылы біржақты болмақ. Бұған республикалық бюджеттен 404 млн, облыстық қазынадан 330 млн теңге қарастырылған, - деді ол.