Судья және сот қызметкерлерінің күні ­- тәуелсіз әрі бейтарап сот билігіне деген лайықты құрмет

488
көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан дегеніміз ­– бұл шындығында әділетті Қазақстан», - деп «Жаңа Қазақстан» ұғымына нақты анықтама берген болатын. «Жаңа Қазақстан» құруда сот жүйесіне артылатын жауапкершілік жүгі зор. Біздің міндетіміз осы міндетті абыроймен орындап, әділетті қоғам құруға ат салысу.

Қоғамда әртүрлі әділетсіздікке тап болып, құқығы бұзылған адамның заңсыздықтан араша сұрап баратын жері - сот. Қай заманда да халық арасында тура бидің беделі жоғары болған. Сондықтан да сот  билігінің маңызы мен мәртебесі ескеріліп,  Үкіметтің ағымдағы жылдың 31 наурызындағы  қаулысына сәйкес 24 маусым - «Судья және сот қызметкерлерінің күні болып бекітілді. Бұл тәуелсіз әрі бейтарап сот билігіне деген лайықты құрмет деп санаймын.

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басқа билік тармақтары сияқты сот жүйесі де қиын да күрделі қалыптасу кезеңін басынан өткізді.

Егеменді ел болғалы бері қоғам мен мемлекет үшін маңызы өте зор реформалар жүзеге асырылды. Кәсіби судьялар корпусы қалыптасты.  Отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежедегі беделі артып, біздің жүйедегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдік әріптестеріміздің тарапынан қызығушылық тудырды.

Соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі шынайы нығайып, соның ішінде материалдық-техникалық тұрғыдағы мәселелер реттелді. Соттар қызметінің базалық нормалары 1994 жылы жарияланған құқықтық реформа бағдарламасында өзінің айқын көрінісін тапты. Атап айтқанда, судьялардың заңдық және құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен бекітілді. Сол жылы арбитраждық соттар жалпы соттармен біріктірілді. Елімізде біртұтас сот жүйесі құрылып, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Сот жүйесін әрі қарай жетілдірудің басым бағыты ретінде соттарды мамандандыру үлгісі таңдап алынды. 2004 жылдан бастап республиканың барлық аймақтарында ауданаралық экономикалық, әкімшілік, қылмыстық және ювеналдық соттар құрылды. 2018 жылы мамандандырылған тергеу соттары енгізілді. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде істерді қараудың сапасы едәуір жақсарды. Қоғам алдында сот беделібарынша арта түсті. 2007 жылы сот ісін алқа билердің қатысуымен жүргізудің жаңа қазақстандық үлгісі қалыптасты.

Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды әрі қарай жетілдірудің кепілі ретінде 2008 жылы қамауға алу тек сот санкциясымен ғана жүзеге асырылатын болды. Соның нәтижесінде, бүгінде сотқа дейінгі қамауда отырғандардың саны айтарлықтай кеміді.

Сонымен қатар, соңғы жылдары әкімшілік әділет институтына ауқымды реформалар жүргізілді. Нәтижесінде жаңа мамандандырылған әкімшілік соттар құрылып, сот қызметі халыққа барынша қолжетімді бола түсті.

2011 жылы елімізде «Медиация туралы» заң қабылданған болатын. Сол уақыттан бері медиация институты қарқынды дамып келеді. Жергілікті жерлердегі соттарда татуластырушы судьялар бекітіліп, соның нәтижесінде көптеген дау-жанжалдар сотта бейбіт жолмен аяқталды. Жыл сайын тараптардың татуласуымен аяқталған істердің саны артуда. Бұл бейбіт бітіммен аяқталған әр істің артында ажырасудан сақтап қалған отбасылар, туыстас, көршілес тағы басқа адамдардың сотта табысуы сияқты әртүрлі тағдырлар жатыр. Біз бұл мақсаттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыратын боламыз.

Отандық сот жүйесін жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды бір бөлігі - сот жүйесін цифрландыру болып табылады. Қазіргі таңда еліміз бойынша сот отырысының залдары 100% аудио-бейнежазба құрылғыларымен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, «Сот кабинеті» сервисі арқылы кез келген азамат  өз арыздарын, талап-тілектерін үйден шықпай-ақ жолдай алады. Одан бөлек сот актілерін де осы сервистен жүктеп алуына мүмкіндік бар. Хат алмасу жұмыстары да электронды түрде «Сот кабинеті» арқылы жүзеге асырылады.  Сонымен қатар, соңғы жылдары сот отырыстарын онлайн режимде өткізу барынша қарқын алды. Қазір кез келген жерден әртүрлі мобильді қосымшалар мен бағдарламалар арқылы сот отырысына қашықтықтан қатысуға болады. Бұл жаңа ақпараттық технологиялар әсіресе пандемияға байланысты шектеулер кезінде халыққа тиімді болды.

Мен атап өткен жұмыстардың барлығы соттың ашықтығын, жариялығын және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. 

Мен осы мақаламда азаттық алғаннан бергі Тәуелсіз еліміздің  тарихындағы сот жүйесінде атқарылған негізгі жұмыстарды атап өтуге тырыстым. Дегенмен, 30 жылда атқарылған жұмыстың барлығын бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес. Жасалған жұмыстың бағасын тарих өзі саралап, халық береді деп ойлаймын.   

Дана халқымыз «Тура биде туған жоқ,

Туғанды биде иман жоқ», – деп тура биді бір ауыз сөзбен сипаттаған. Біздің мақсатымыз – әділдіктің ақ туын биік ұстап, антқа адал болу.

Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында сот жүйесінің ардагерлері мен судьяларды, сот қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық және ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге абырой тілеймін.

Қоғамда заң үстемдігі салтанат құрған, қуатты ел болайық. Халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұрақты болғай!

 

Манат Ғалымұлы Комиршинов

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы