Жаздың алғашқы күнінен суға түсу маусымы басталатындықтан Өскемен қаласы маңындағы демалыс орындарының жабдықталуы мен демалушылар үшін қауіпсіздігі тексерілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қазіргі уақытта жағалауларды демалыс маусымына толыққанды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, демалыс аумағын тазалау, су қоймаларын тексеру, қауіпті аймақтарды ескерту белгілерін қою жұмыстары жүргізілу үстінде.
– Су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көптеген шаралар жоспарланған. Былтырғы жылы Өскемен қаласындағы су қоймаларында 5 қайғылы оқиға тіркелді, – дейді ШҚО ТЖД бөлім басшысы Азамат Капышев.
Өскемен қаласы ТЖБ қала әкімдігімен бірігіп азаматтардың 2018 жылғы суға түсу маусымындағы қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету кезінде атқарылатын шараларды бекітті.
Маусым басталмас бұрын Өскемен қалалық ТЖБ қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірге демалуға келген азаматтарды ақпараттандыру үшін демалыс орындарында баннерлер ілді. Сондай-ақ, демалушыларға суға түскен кезде қауіпсіздік ережелерін жіті түсіндіру мақсатында 46520 ескерту парақшалары таратылды.
Жазғы демалыс орындарының иелері 2018 жылғы суға түсу маусымына дайындықты осы айдың 31-не дейін аяқтап, Өскемен қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына су құрамына зерттеу жүргізу жұмыстарын жүргізуге өтініштерін жіберуі керек.