Жақын жылдар ішінде суқұзғын зиянкес жыртқыштар қатарына қосылуы ықтимал. Бұл жөнінде buqara.kz тілшісіне танымал орнитолог Борис Щербаков әңгімелеп берді.
Өңірдегі суда жүзетін жабайы құс пен балық санының азаюына адамзатпен қатар бірқатар қанаттылардың өздері де әсер ететін көрінеді.
– Табиғат қорғау Прокуратурасы сәуір айының аяғы мен мамыр айының ортасына дейін Марқа көлі мен Қара Ертіс өңіріне зерттеу сапарын ұйымдастырмақ, – дейді Борис Щербаков. – Оған мені де шақырып отыр. Сапарымыздың басты мақсаты – аталмыш аймақтарда ұя салатын суқұзғындардың санын анықтап, сараптама жұмыстарын жүргізу.
Аталмыш құстың қазіргі уақытта Марқакөл мен Қара Ертістің Зайсан көліне құяр сағасын жаулап алғанын айтқан маман суқұзғын саны шектен тыс көбейіп кеткенін алға тартады.
– Екі жыл бұрын мың суқұзғынды ату жөнінде рұқсат берілген болатын, – дейді Борис Васильевич. – Құс та сезеді, мылтық дауысынан үркіп ұшып кетеді. Оның қайта қонғанын кім күтеді? Сондықтан күрес олардың ұя салатын аймақтарында жүргізіледі. Оның үстіне суқұзғынның еті жеуге жарамайтындықтан, аңшыларды көп қызықтырмайды. Пайдалы құстың азайып, пайдасыз құстың көбейіп кетуінің себебі – осы.
Маман құстың бұл түрін мылтықпен азаптамай, инемен азайту қажеттігін алға тартып отыр.
– Суқұзғын сәуірдің аяғы, мамырдың басында жұмыртқа салып, балапан басуға отырады. Міне, осы кезде біз барып оларды атпай-ақ, ұяларын тауып, жұмыртқаларын инемен тесіп кетеміз. Егер жұмыртқаларды күл-талқан етіп жарып кетсек ол қайтадан жұмыртқа салып, мамырдың соңына дейін бір ұрпағын шығарып қояды. Ал инемен тесілген іші бос, сырты бүтін жұмыртқаларды суқұзғын жарты айға жуық басып, балапан шығара алмай қалады. Міне, біз бұл құстың санын азайтуда жабайы емес, өркениетті осындай тәсіл қолдануымыз керек, – дейді Борис Васильевич.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ