Ломбардтар жұмысын реттейтін заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұдан былай ломбард иелері полицейлермен тығыз байланыста болып, әр мүлік өткізушінің фотосуретін түсіріп, сақтауға міндеттелді.
2018 жылдың желтоқсан айында еліміздің Ішкі істер және Ұлттық экономика министрлерінің бірлескен бұйрығы күшіне енген болатын. Жаңа құжатта ломбардтар мен полицейлердің жұмыс алгоритмін реттейтін жаңа бөлім пайда болды.
-Бұдан былай ломбардтар өткізілген мүлікті сатып алуға иесі келмеген заттарды үш ай сақтауға міндеттеледі. Бұған дейін бұл талап бір ай ғана болатын. Сонымен қатар ломбардтар сатып алу уақыты бір айдан асып кеткен мүліктер туралы полицияны хабардар етуі керек. Аталмыш ақпаратқа мүлік өткізушінің ақша алу барысында берген ақпаратын, оның фотосуретін қоса жолдауы қажет. Сондай-ақ барлық ломбардтар бейнебақылау камераларымен жабдықталып, түсірілген бейнетаспалар үш айға дейін сақталуы керек. Ұрлық орын алғанда зардап шегішлердің жоғалған заттары туралы ақпарат ломбардтарға жолданады. Ал олар өз кезегінде полиция қызметкерлеріне жоғалған заттарға ұқсас бұйымдардың өздеріне өткізген-өткізілмегені жайында ақпарат беруі тиіс, - деп хабарлады Полиция департаменті.
Қоса кетсек, бұрындары жымысқы ұрылар көбінесе тұрмыстық техниканы, қымбат киімдер мен ыдыс-аяқтарды ұрлап келсе, қазіргі уақытта қалтағы сыйымды әрі сатып жіберуге ыңғайлы зергерлік бұйымдар мен ақшаны жымқырғанды құп көруде.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ