Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында Урал федеральды округінің іскер азаматтары мен аймақ басшысы Ермек Көшербаев кездесіп, машина жасау, туризм мен мәдениетті дамыту сынды тақырыптарды көтерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өнеркәсібі алға озған өңірден келген жетеу өздеріне тиесілі уақыт шеңберінде қызықтырған ұсыныстар мен жобаларын ортаға салды. Олардың сөзінше, Шығыс Қазақстанда орман алқабы мол. Дегенмен Свердловск жақпен салыстырғанда анағұрлым аз. Ермек Көшербаев өңірдегі орман алқабы 2,9 млн га аумақты алып жатыр десе, көршілес облыста 16 млн га.
– Біздегі қалың ағаш негізінде тау бөктерінде тамыр жайған. Аяқ асты өрт болып, өсімдік тып-типыл жанса, оны қалпына келтіру біршама күрделі. Оған ұзақ уақыт керек. Ал сіздерде бұл жағы реттеулі. Яғни, орман саласы бойынша мамандар өрт болғаннан кейін оны қалыпқа келтірудің тетіктерін әзірлеген, – деді Ермек Беделбайұлы.
Аймақ әкімі осы бойынша делегация өкілдерімен тығыз жұмыс істеуді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дан келген жауапты тұлғаға тапсырды. Ол адам алдағы уақытта Свердловск облысымен байланысқа шығып, осы жағын талқыламақ.
Екі жаққа көпір болып тұрған жайт – машина құрастыру. Ермек Көшербаев бір кездері ауылшаруашылығы техникаларына бөлшектер әзірлеген «ВостокМашЗавод» АҚ-ны мысал етті. Қазір 1000-ға тарта жұмысшысы бар мекемеде қаржылай қиындықтың бары рас. Өңір әкімі осы жағын жандандырып, серіктестікті нығайта түсу орынды екенін жеткізді.
Ал тұрғындар саны 4 млн адамды құрайтын Свердловск облысында бұл жағы бір ізге түскен. Делегация өкілдері осы өлке бағынысты болған Урал аймағындағы кәсіпорында ұзын-ырғасы 400 мың адам жұмыс істейтінін жеткізді. Ресми ақпаратпен Свердловск облысының Өндіріс және ғылым министрінің орынбасары айтты. Сайып келгенде, өнеркәсіп саласында Шығыс Қазақстан мен аталған облыс алда тығыз қарым-қатынас орнатпақ.
Ресейліктер медициналық туризм мен мәдениет саласында да бірқатар жобаларды бастауға әзір екендіктерін жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ