Светлана Парукова «Қуаныштан» «Алтайға» ауысты

642
көрілім
Шартты фотосурет

Осыған дейін өскемендік «Алтай» әйелдер волейбол клубынан ойыншылар кетіп жатқанын естіген жанкүйерлер команда ыдырай бастады деп ойлаған. Дегенмен транферлік өзгерістер әлі жалғасып, кезекті ойыншылармен толықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы екі жылда петропавлдық «Қуаныш» ұжымы «Алтай» мен «Жетісудың» жолына тұрып, сәті түссе бір-екі сетте жеңіп кетіп жүретін. Биыл айды аспанға шығарып, «Қуанышпен» клубтық Азия чемпионатында топ жарды. Ал өзі тұрған аймақтан пәрменді соққыларын шегелеп қадайтын шабуылшы Светлана Парукова енді өскемендік ұжым сапына өтті.
Бұл туралы «Алтай» волейбол клубының ресми парақшасында жазылды. Бізде бар мәліметке сәйкес, Паруковамен келісімшарт бір жылға жасалған. Көпшілік бұл ойыншыны соңына дейін ойнап, жанкештілік танытатындығын сөз етеді.
Айта кетерлік жайт, мұның алдында өскемендік клубқа Сербияның тумасы Сара Сакрадзия қосылған-тын. Тәжірибелі волейболшы спорттық мәнсабын Румынияның CSM Lugoj-да бастап, Польша, Түркия, франциялық клубтардың намысын қорғаған. Шабуылшы жиырманың сегізін толтырған.
Жалпы, «Алтайдың» биылға келісімшарт ұзартқан ойыншылары қатарында Кристина Аниконова, Мадина Бекет, Елизавета Мейстер сынды волейболшылар бар.
Әділхан ЕСІМХАНОВ