2023 жылдың наурыз айында сыбайлас жемқорлық қылмастары туралы хабарлаған қазақстандықтарды қорғау және анонимділікті қамтамасыз ететін заңнамаларға түзетулер енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғалар мәліметінше, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мемлекет үшін ғана емес, жекелеген азаматтар үшін де қауіп төндіреді. Атап айтсақ, пара алу салдарынан тұрғын үй және инфрақұрылымдық объектілерді салу кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылуы мүмкін, медициналық және басқа да қызметтердің сапасы нашарлайды.
- Бұл халықтың денсаулығына қауіп төндіреді. Қазақстандықтарға сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін ақшалай сыйақы ұсынылғанымен (оның ең жоғарғы сомасы 4000 АЕК), азаматтар бастама көтеруге және Антикорға жүгінуге дайын емес. Әсіресе, олар жұмыста осындай жағдайға тап болған кезде бұзушылық туралы айтуға асықпайды, - дейді мамандар.
Осыған байланысты 2023 жылғы наурызда сыбайлас жемқорлық қылмастары туралы хабарлаған қазақстандықтарды қорғауды және анонимділікті қамтамасыз ететін заңнамаларға түзетулер енгізілді.
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 24 және 24-4-баптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берушілер қылмыстық-процестік және еңбек кодекстеріне, сондай-ақ ҚР «Қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңына сәйкес мемлекеттің қорғауында болады. Яғни, сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты ашу мен тексерудің бүкіл процесінің құпиялылығы қамтамасыз етіледі – арнайы келісім жасалады, сот процесінде ақпарат берушінің қорғалуына кепілдік беріледі, сондай-ақ оның еңбек құқықтарын қорғау үшін елеулі кепілдіктер беріледі.
Түзетулерге сәйкес, осы адамдарды тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымдарынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартуға, қызметтен босатуға немесе басқа лауазымға ауыстыруға болмайды.
Мемлекеттік орган немесе ұйым алқалы органның отырысына қатысу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілін шақыруға міндетті.
- Басқаша айтқанда, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған қазақстандықтардың мүдделері мен анонимділігі мемлекет тарапынан қорғалған. Сондықтан параға және басқа да сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күресте жәрдемдесу үшін тиісті органдарға уақтылы жүгіну маңызды, - делінген мәліметте.
Естеріңізге сала кетейік, Егер сіз сыбайлас жемқорлық фактілері туралы білсеңіз, онда сіз тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Call-орталығына жүгіне аласыз.