ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Өскеменнің Күленов кентіндегі күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан емханада болып қайтты. Қолданысқа берілу мерзімі тым ұзаққа созылған жоба аймақ басшысының қатаң сынына ұшырады. Даниал Ахметов ісіне құлықсыздық танытқан облыстық Денсаулық сақтау басқармасына барлық жұмысты екі ай ішінде толықтай аяқтап, нысанды мамырдың ортасына дейін өткізуді тапсырды.
– Мамырдың 15-інде нысан дайын болуы тиіс. Үлгеру, сіздердің еншілеріңіздегі іс. Себебі, жұмыс дәл бұлай жүргізілмейді. Жыл бойы жүрген жұмыстың соңына келгенде тағы тапсырып беріп, күтуге мәжбүрміз дейсіздер. Бұл ғимараттың қаражат толық бөлінген, сондықтан істі тыңдырып, белгіленген уақытта өткізуді талап етемін. 15-мамыр күні жолығамыз, - деді аймақ басшысы.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ғимаратты қайта құру жұмысының жобалық-сметалық құжатына түзетулер енгізілген болатын. Бүгінде медициналық жабдықпен қамту, телефондандыру және көлік тұрағына жер беруге қатысты жасалған толықтырулар аяқталды. Аталған іске облыстық бюджеттік комиссиясы оң бағасын берген. Алайда аймақ басшысы ісіне үстірт қараған №2 қалалық емхананың бас дәрігері мен ШҚО денсаулық сақтау басқармасының жұмысын сын садағына алды. Себебі, дәл осы екі мекеме кешіктіріп барып, жобаға бірнеше рет түзетулер енгізген. Нәтижесінде жұмыс қарқыны біршама кенжелеп қалды.
– Кішкентай ғимараттың жұмысын осылай созбалаққа салу, көңілге қонбайтын іс, – деді Даниал Ахметов, – Бір жыл бойы жұмыс жүріп жатыр, бірақ, жаңа жабдықтың керектігі құрылыс бітер кезде ғана барып естеріне түскен. Ал екі айдан соң, келісімшарттың жоқ екендігі анықталған. Бір жыл бойы сол келісім-шартты өткізіп, реттеуге болмас па еді? Менің осындай немқұрайлы жұмысқа көңілім толмайды. Сендерге салса, бұл нысанның жыры бітпейді.
Естеріңізге сала кетсек, емхананың жөндеу жұмыстары былтыр маусымда басталған болатын. Жобаның түзетуден кейінгі шамалы құны – 598 млн.теңгені құраған.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ