Тағдыр тәлкегіне мойымаған зайсандық ерлі-зайыптылар

1580
көрілім

Облыс орталығынан 460 шақырымдай қашықтықта жатқан киелі Зайсан өңіріне жолымыз түскенде бес күндік пәни дүниенің сынағына қайсарлық пен төзімділік таныта білген жандарды кездестірдік. Екеуі де І топ мүгедегі болған Өжетбек Мәженұлы мен Гүлнар Ихайқызы бір шаңырақтың шамын жағып, түтінін түтетіп келе жатыр. Бір-бірінің жүрек мұңдарын шынайы түсінетін олар ұлы сезім – махаббаттың арқасында тағдыр талқысына мойымай, алдағы күнге зор үмітпен қарайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өжетбектің өр мінезі

Зайсан ауданы, Кеңсай ауылының тұрғыны Өжетбек Мәженұлы атамекенге 2007 жылы оралған. Қытай елінен келген қандасымыз 23 жасында үйленіп, бір ұл, үш қыздың әкесі атанады. Туған өлкеге қоныс тіреген азамат алғашында Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылында қоныс тепкен болатын.

Бұрын Қытай еліндегі әкімшілікте көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген едім, – деп еске алды Өжетбек. – Сондай күндердің бірінде 2005 жылы көлігімді тоқтата бергенде тұтқиылдан бір көлік келіп соқтығысты. Ол кезде 28 жаста едім. Жол апатынан мойын омыртқама зақым келді. Сөйтіп, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Арада екі жыл өткенде атажұотқа оралдық, алайда келеңсіз жәйттардан соң бірінші жұбайыммен ажырастым. Балаларым өз қолымда қалды.

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» демекші, Өжетбектің сыныптасы себепші болып, кейіпкеріміз қазіргі жұбайымен танысқан. Арада үлкен сыйластық пен шынайы сезімнің оты лаулап, екеуі қалған ғұмырларын қол ұстасып бірге өткізуге сөз байласады. «Қуанышты бөліссең – көбейеді, қайғыны бөліссең – азаяды» дегендей, бір-біріне өмірлік серік болған олар тағдырдың ащысын да, тұщысын да бірге татып келеді.

Жанұяның отағасы мен отанасы бірінші топтағы мүгедек жандар болғандықтан, мемлекет тарапынан ай сайын жәрдемақы алады. Сонымен қатар, оларға аудан әкімшілігі тағайындаған жеке көмекші күн сайын келіп, үй шаруасына қолғабыс тигізіп тұрады екен. Жүріп-тұрулары қиынға соққан олар қазір Кеңсай ауылында Өжетбектің інісінің үйінде тұрып жатыр. Үй кезегіне тұрған отбасының ендігі армандары – жеке баспана алу.

Екі жарты – бір бүтін

Өжетбектің шаңырағының жылуын кіргізіп, мейірімін төгіп отырған Гүлнар Ихайқызы енді ғана тең құрбымен бой түзеп келе жатқан шағында аяқ астынан аттан құлап, жұлынына зақым келтіріп алады. Жылы жүзімен үйдің шырайын келтіретін Гүлнардың жанұясы Моңғолия елінен Талдықорғанға 1991 жылы көшіп келген. 17 жасында мүгедек арбасына таңылған Гүлнар ешқайда шықпай, бар уақытын анасының қасында өткізген. Бір Алладан ғана дұға тілеп отыратын жүрегі жомарт, жүріп-тұруы қиын болған Гүлнар болашақта ем-домның сауабы болатынынан да үмітті, әрине.

Мен Өжетпекпен2015 жылы Талдықорғандағы сыныптасы арқылы таныстым. Басында телефон арқылы хабарласып жүрдік. Алғашында бір-бірімізден тым алыста тұратындығымызды айтып екі жақтағылар да қарсы болды. Апайларым мен ағаларым «Қиналып қаласың ғой, қиын болады» деп екі жарты бір бүтін болып қосылуымызға қарсылық білдірді. Балалары бар екендігін айтып, олардың көзқарасы қалай болатындығын айтып уайымдады. «Қол қусырып қарап отырған адам Аллаға да жақпас» демекші, ең болмаса азаматтың бір шәугім шәйін қайнатып берейін деп бекіндім, – дейді Гүлнар Ихайқызы.

Ақ халатты абзал жандар отағасына «Уақытымен ем жүргізсе, нәтиже шығуы мүмкін» деп айтқан екен. Осыдан кейін Өжетбек Астанада бір жарым жылға жуық емделіп, қазір қаражат тапшылығынан амалсыз емін тоқтатқан. Жылдан аса жүргізілген емнің арқасында Өжетбек қазір ақырын қозғалып, арбаға отыратын болған. Емін тағы да жалғастырып, шипасы табылса аяғынан тік тұрып, ел қатарлы жүруге әлі де болса үміті бар.

Астанада ауруханада жатқанымда қасымдағы өзім сияқты тағдырлас адамдармен кездесіп, рухани күш алдым, – дейді қайсар азамат.Ең бастысы, көңілің кемтар болмасын. Кербез көңілді шаң басып, қара бұлт үйірілгенде, жаныңа жақын жандар рухани демеу берсе қиындықты оңай еңсеруге болады.

Жүрек сырын жырмен жеткізеді

Жастайынан өлең жазып, ішкі сезім-толғанысын қағаз бетіне түсіріп үйренген Өжетбек аяулы жарына деген сезімін де өлең жолдарымен кестелейді. Біз оның өлеңдерінен жүрегіне үміт шырағын жағып, жасыған көңілін қайта жандандырған аяулы жарына деген кәусар сезімін ұқтық.

Өмірге шынайы көңілмен іңкәр болған Өжетбек басына түскен ауыртпалыққа ер азаматқа тән өр мінезімен қасқайып қарсы тұрып келеді. Тағдырлары бір арнаға тоғысқан мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптылардың басты армандары біреу ғана, ол – жандарына жайлы баспаналы болу…

*** (Өлең)

Күнсің сен нұрыңды шашқан,

Түн ызғарының шықтары қашқан.

Түнегіме жаным ай болып келіп,

Жүрегіме үміт шырағын жаққан.

Жаралы жүрек, жасыған көңіл,

Оятты мені сезімің мақпал.

Орманым толқып, жапырақ жайды,

Тасынды көңіл ағыл да тегіл.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ