Тағлымы терең фильм

672
көрілім

Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында «Алтыншы бекет» көркем фильмі көзқарақты көрермендерге жол тартты. Оқиға желісі өмірден алынған фильм – түрмеден қашқан 21 қылмыскерге қаймықпай қарсы тұрған Ұлттық Ұланның қайсар мінезді жауынгері жайлы түсірілген.

Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылы Ақтаудағы түрмелердің бірінде Ұлттық Ұланның жауынгері Ербол Отарбаев жанқиярлық ерлік істеді. Түзеу мекемесінен қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолын жалғыз өзі бөгеген сарбаз Елбасы Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын.

Рухы берік жауынгер жайлы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмі наурыз айының ортасынан бастап облыс орталығының «Юбилейный» кинотеатрында көрсетілуде. Адамның жігерін тасытып, рухын асқақтататын, тәрбиелік тағлымы зор фильмде басты рөлдерді – Санұржан Сүлейменов пен Жасұлан Өмірбек сомдаған.

– Ұлттық Ұлан қолбасшылығының қолдауымен жарық көрген «Алтыншы бекет» фильмі өте жоғары деңгейде түсірілген, – дейді Нұр Отан партиясы жанындағы "Жас Отан" ЖҚ ШҚОФ төрайымы Маржан Бақыт, – фильмді бір деммен көріп шықтым. Ержүрек сарбаздардың ерлігіне тамсанып көзіме жас алдым. Аталмыш фильмді әсіресе жастар жағы көріп, үлгі-өнеге, тағлым алса екен деп ойлаймын.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ