Қазақстанға визасыз режімде кіре алатын мемлекеттердің тізімі 12 елмен толықты. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының маркетинг және коммуникациялар департаменінің аға менеджері Бақыт Топтаева мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Оңтүстік-Шығыс Азия, атап айтқанда Вьетнам, Индонезия, Филиппин, Таиланд, сонымен қатар Бахрейн, Оман, Кувейт, Сауд Арабиясы және Катар сияқты бірнеше араб елдерінің азаматтары бұдан былай Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз тұра алады. 12 елдің тізіміне сонымен бірге Ватикан, Лихтенштейн және Колумбия да кірді. Аталған елдерге визасыз режім 30 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Ал жалпы 76 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз режимде келуге құқылы», - деп хабарлайды Бақыт Топтаева.
Ұлттық компания өкілінің айтуынша, 18-20 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында Халықаралық РАТА Travel Mart туристік көрмесі өткен. Азия және Тынық мұхиты аймағындағы туризм индустриясының негізгі ойыншылары, сонымен қатар Еуропа, Африка және Америкадағы туроператорлар Қазақстанның әлеуетіне оң баға беріп кеткен.
Туристік қауымдастықтың жергілікті өкілдерімен өткізілген B2B кездесулерінің нәтижесінде жаңа туристік өнімдерді насихаттау бойынша ынтымақтастық туралы алдын ала келісімдер жасалды. Шара қатысушылары Қазақстанда визасыз режимнің кеңеюі туралы бұл жаңалықты қуана қабылдаған.