Өскемен гарнизонында әскери техникалық мектебінің жеке құрамы ардагер-интернационалистермен кездесу өткізді.
32 жыл бұрын 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерлері Ауғанстан Республикасынан шығарылды. Бұл күн соғыс қимылдарына қатысқан интернационалист жауынгерлерді еске алу күні болды. Ол біздің еліміз үшін бейбіт уақытта соғыс жалынынан зардап шеккендердің бәріне қымбат.
Салтанатты іс-шара карантиндік шаралар талаптарын сақтай отырып, әскери техникалық мектептің актовый залында өткізілді. Ардагер-интернационалистер Мұрат Байсылбаев, Марат Сабырбаев, Асқар Нажинов курсанттарға Ауған соғысының отты жылдарында өткерген әскери қызметтерінен әңгіме өрбітіп, қызықты сәттерімен бөлісті.
Кездесу барысында ардагер-интернационалист Асқар Нажинов курсанттарға әскерге аттанар алдында (бұрын ДОСААФ. Армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесудің ерікті қоғамы – деп аталғанын айтып) қазіргі осы әскери техникалық мектепте оқып, 6 ай білім алып, жүргізуші куәлігін алғанын және сол білімінің әскерде пайдасына жарағанын айтып өтті.
Әскери техникалық мектептің курсанттары өз өнерлерін көрсетіп, концерттік бағдарламаларын ардагер қонақтарға паш етті. Курсанттар Руслан Байдүйсен «Бача» әнін жалынды рухпен орындап, Қанат Кұсманғазинов «Ата толғауы» күйін домбырада нақышына келтіре ойнап, қонақтар назарына тарту етті.
«Құрметті ардагер-интернационалистер! Ерлік пен батырлықтың үлгілерін көрсете отырып, Сіздер құрмет пен марапат туралы ойламадыңыздар, бірақ әскери парыздарыңызды орындадыңыздар, көпшілігіңіз айтқандай - "жай ғана іс жасадыңыздар". Бүгінгі сарбаздарға, сондай-ақ жас ұрпаққа үлгі болатын Сіздер бар. Сіздердің жастарды патриоттық тәрбиелеуге, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлестеріңіз баға жетпес» - деді әскери техникалық мектептің директоры запастағы полковник Жанболат Молдагалиев.
Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі