Такси жүргізушісін алдап кеткен өскемендік азамат қоғамдық жұмысқа тартылды

608
көрілім

Өскемен қаласының тұрғыны такси жүргізушісін алдап кеткен. Бұл жайлы Өскемен қаласының 2 сотында қаралған іс-материалдарында жазылды.

49 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны Гоголь көшесі бойында достарымен таксиге мініп, әуежай бағытына қарай жүреді. Жол жөнекей спирттік ішімдік сатып алған ер адам қолындағы бар ақшасын жұмсап жіберген. Десе де қалтасының қағылғанына қарамаған ол көздеген жеріне жетуден бас тартпайды.

Алаяқтың достары бірінен кейін бірі көліктен түсіп қала береді. Ал басты «қаһарман» еш шімірікпестен діттеген жеріне жетіп алғаннан кейін жүргізушіден көлікті тоқтатуын сұрайды. «Жолақысын төлеу үшін 5000 теңгені ұсатып алайын» деген еркек, көліктен шығып, сол кеткеннен мол кетеді. Такси жүргізушісі құқық қорғау қызметкерлеріне арызданған соң, жедел іздестіру шараларын жүргізген полицейлер алаяқты қолға түсірді.

Істі қараған Өскемен қаласының №2 соты айыпталушыны кінәлі деп тауып, екі жүз сағаттық қоғамдық жұмысқа тартуға шешім шығарды.