Көкпекті ауданында кешелі бері айтулы шаралар өтіп, жұрт назары осы жаққа ауған. Бүгін 23 қатысушы өз мүмкіндіктерін «Толағай сұлтаны – 2019» халықаралық-шығармашылық сайысында байқауда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мұндай ауқымды деңгейдегі дода биыл алғаш рет қолға алынды. Облыс әкімдігі, Көкпекті ауданы әкімдігі, ШҚО Ішкі саясат басқармасының жастар ресурстық орталығы тізе қосып, осынау шараның өтуіне мұрындық болып отыр. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов ұлттық құндылықтарды дәріптейтін додаға қатысушыларға ақжол тіледі.
– Осы жерде қалың қазақ қолы ер Қабанбайдың ақ туы астынан табылып, аруақты бабамыз Бармақ батырға топырақ осы өлкеден бұйырған. Ерлікпен қаза тапқан тоғыз Кеңес Одағы батырларының бірі – Қойгелді Аухадиев те бұл ауданның тумасы. Ендеше, ер бабаларымыз бен қайсар аталарымыздың аруағы қолдап, баршаңызға сәттілік серік болғай, – деді Асхат Сайдахметұлы.
Әу баста бірнеше мемлекеттен келеді деп күтілген қатысушылар аталмыш сайысқа келе алмай, тізімге аз-кем өзгеріс енді. Десе де ауқымды жарыста жүлде аламын деген еліміздің өзге өңірлерінен ат арытып жеткен жігіттерге бұл жайттар бәлендей әсер етпеді. Ал шетелдік меймандардан моңғолиялық Сұраған Төлеухан жүлде үшін таласып көрмек.
Бәсеке алдымен жамбы атудан басталды. Қатысушылар үшін жеребе тартылып, реттілік нөмірлері анықталды. Айта кетейік, бұлардың арасында өткен жылғы «Жігіт сұлтаны» сайысының жеңімпазы, Абай ауданының тумасы Айдос Үркімбаев те бар.
Қатысушылар теңге ілу, қол күрес, аударыспақ сондай-ақ қазақ күресінен шеберлік байқасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бас жүлдеге су жаңа автокөлік табысталмақ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ