Газет редакциясына хабарласқан облыс орталығындағы Нұрлы көш ауылының тұрғындары алаяқтың арбауына түсіп, ірі мөлшерде шығынға батқандықтарын айтты. Олардың сеніміне кірген әйел адам банктен несие алғызып, ай сайынғы берешекті өзі төлеп отыратындығын жеткізген. Осылайша, 28 жастағы азаматша сөз байласқан сыбайластарымен бірге бірнеше жылдың ішінде 60 млн теңгеге жуық пайда көріпті. Несие арқалап қалған 57 адам полицияға арыз жазғаннан кейін іс Өскемен қалалық №2 сотына жөнелтілген. Жуықта сот процесі мәресіне жетіп, сот үкімі жария етілді. Осы ретте айта кету керек, өңір тұрғындарын дәл осындай әдіспен алдап соғатын алаяқтар аз емес. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылдың 9 айында облысымызда алаяқтықпен несие рәсімдету фактісі 76 рет тіркелген.
Айласын асырған алаяқ
Редакциямызға қоңырау шалған Нұрлы көш ауылының тұрғыны Данагүл Оразбай (аты-жөндері толықтай өзгертілген) алаяқтың арбауына ілігіп қалғанын айтты.
– Осыдан 2 жыл бұрын үйге келген Серікгүл 100 мың теңге ақша сұрады, – дейді ол, – «Қолымда ақша болмай тұр» деп едім, банктен несие алып беруімді өтінді. Балаларымыз бір мектепке баратындықтан оған сеніп, бірге Каспий банк филиалына бардым. Алайда Серікгүл менің атыма 100 мың емес, 730 мың теңге несие рәсімдеді. Ол маған «Еш уайымдама. Өзім ай сайынғы берешекті уақытылы төлеп отырамын» деп ант-су ішкеннен кейін келісімімді бердім.
Оның айтуынша, Серікгүл осындай амалмен басқа да ауыл тұрғындарын алдап соққан. 2 жылға жуық уақыт ішінде әккі әйелдің қазған орына 57 адам түсіпті.
– Серікгүлдің сөз байласқан сыбайластары бар, – дейді Данагүл Оразбай, – Оған қалай әрекет ету керектігін үйретіп отырған солар. Оңай олжаға құныққан Серіккүл тіпті бір үйден екі адамға несие алғызыпты. Ер адамды таңертең банкке апарса, түстен кейін оның әйеліне несие рәсімдеткен. Белшемізден қарызға батқан бәріміз полицияға барып арыз жаздық. Талай адамды ағаш аттың басына мінгізіп кеткен алаяқ тиісті жазасын алуы керек!
«Қытайдан тауар алып келемін»
Көп ұзамай полиция қызметкерлері Серікгүл Қайратбекті құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алады. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс Өскемен қалалық №2 сотына жіберілген.
– 2016 жылдың тамыз айында айыпталушы тергеу барысында анықталмаған тұлғалармен бірлесіп, қылмыс жасауға уағдаласады, – делінген сот материалдарында, – Алдын ала құрылған жоспар бойынша Серікгүл таныстарының сеніміне кіру арқылы, банктен несие алғызып, сол ақшаны жемтіктестерімен өзара бөліске салып отырған. Жымысқы ойларын жүзеге асырған олар кезекті жәбірленушіден алдап алынған ақшаның бір бөлігін алдыңғы жәбірленушінің несиелік жарнасын жапқанға жұмсап, қылмыстық ниеттерін байқатпауға тырысқан.
2016 жылдың қыркүйегінде алаяқтар алғашқы құрбанын тұзаққа түсіреді. Нұрлы көш ауылы Мұстафа Шоқай көшесінде тұратын ер адамды әңгімеге тартқан 28 жастағы азаматша екі ай мерзімге несиеге 500 000 теңге ақша қажеттігін және осы қарызды екі айда қайтара алмаса үстіне 100 000 теңге қосып беретіндігін айтады. Серікгүлдің сөзіне сенген азамат Киров көшесінде орналасқан Каспий банк филиалына барып, өз атына 510 мың теңге несие алады. Әккі әйел екі ай аралығында алған несиенің айлық пайызын төлеп, қайтадан сол үйге барады да ер адамға «бастапқы алған ақшам жетпей тұр. Өзің көрдің ғой берешекті төлеп келемін. Тағы да қосымша несие алып берші» дегенді айтады. Сөйтіп, Серікгүл Қайратбек танысының атына 630 000 теңге несие рәсімдеткен. Бұл аздай, тілі майда алаяқ жәбірленушіге 3-ші рет банктен 360 мың теңге мөлшерінде несие алдырады. Осылайша, сол азаматқа 1 500 000 теңге материалдық залал келтірілген.
Жазаға тартылмағандықтан құныға түскен азаматша қылмыстық жолмен пайда табуын одан әрі жалғастыра түседі. Серікгүл танысы Әлібекке «Қытайдан тауар алып келейін деп едім. Соған ақша керек болып тұр. Банктерде таныстарым бар. Саған еш кедергісіз несие рәсімдеп береді» деп 780 мың теңге несие алдырған. Арада бірнеше күн өткеннен кейін алаяқ әйел Әлібекке «Ана жолы алған ақша жетпей жатыр. Екінші рет несие алып берші. 1 айда барлық қарызымды қайтарамын» дегенді айтады. Өз келісімін берген ер адамның несиелік берешегі тағы да 430 мың теңгеге өскен. Десе де, 1 ай тұрмақ 1 жыл өтсе де Серікгүл уәдесінде тұрмады. Әлібек болса банктегі 1 210 000 теңге берешегімен қалды.
Серікгүл Қайратбек зардап шеккен барлық адамдарды осындай әдіспен арбаған. 2017 жылдың соңына дейін заңсыз жолмен пайда тауып келген алаяқ 57 адамды 60 млн теңге мөлшерінде шығынға батырыпты. Сот барысында сотталушы өз жазасын мойындаудан бас тартты. Бірақ жарыссөзде сөзін қайтып алған ол кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді.
– Нұрлы көш ауылының тұрғындарынан алған ақшаны Сандуғаш есімді таныс әйел екеуіміз бөліске салдық. Жәбірленушілердің атынан несие рәсімдер алдында Сандуғаш сол жақтағы банк қызметкерлерімен алдын ала келісіп отырды, – деп жауап берлі Серікгүл сот отырысында.
Сот процесі 25-ші қыркүйек күні аяқталды. Істі қараған судьяның шешімі бойынша айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар, Серікгүл жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығындарды толықтай өтеуге міндеттелді.
«Үкіммен келіспейміз!»
Алаяқтың торына іліккен 57 адам сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтты. Олардың сөзіне сенсек, бүгінде Серікгүлдің сыбайласы анықталса да, оған қатысты ешқандай шара қолданылмаған.
– Біз Сандуғаш Құматаеваның осы іске тікелей қатысы барлығын тергеу амалдарында да, сот отырысында да айттық, – дейді Нұрлы көш ауылының тұрғындары, – Ақшаның біраз бөлігін соған беріп отырғанын сот барысында Серікгүлдің өзі мойындады. Неге сол әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды? Тіпті оның ісі сотқа да жеткен жоқ. Не себепті Серікгүл Қайратбектің ісі топ белгісімен емес, жеке қаралды? Егер ол топ болып ұйымдасып қылмыс жасаса, тағайындалатын жазаның да ауыр болатыны белгілі. Бүгінгі күнге дейін біздің атымыздағы несиені ешкім жаппады. Сот қаулысы бойынша материалдық шығын Серікгүлден өндірілуге тиіс болғанымен, ақшамыздың қайтатын түрі жоқ.
57 жәбірленушінің қолы қойылған өтініш қағаз Шығыс Қазақстан облысының Прокуроры Құсайын Игембаевтың атына жолданған. Оқиғаның ары қарайғы желісі газет тілшісінің назарында болмақ.
Барынша абай болған жөн
2018 жылдың 9 айында өңірімізде алаяқтықпен несие рәсімдету фактісі 76 рет тіркеліпті. Бұл жайлы ШҚО Полиция Департаменті баспасөз қызметі хабарлап отыр.
– Көбінесе алаяқтар жақын танымайтын адамдарды әңгімеге тартып, «Банктен несие алып берсең, біраз бөлігін сенің қолыңа беремін де, қалған берешекті ай сайын уақытылы жауып отырамын» дейді. Осыны естіген адам ақша табу және несие тарихын (кредитная история) жақсарту мақсатымен өз келісімін береді. Алайда несие рәсімделіп болғаннан кейін алаяқ хабар-ошарсыз кетеді де, басында ірі көлемдегі банк берешегі қалған жәбірленуші бармағын тістеп қалады, – дейді облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Нұрғазина.
Семейлік әйел адамның қазған осындай орына өңіріміздің 13 тұрғыны түскен екен. 34 жастағы азаматша адамдардың сеніміне кіріп, банктен алдырған ақшаны өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
– 13 адамды алдап соққан алаяқ 8 млн теңгеден астам ақшаны қалтаға басқан, – дейді Әйгерім Нұрғазина, – Осы сияқты оқиғалар жыл сайын тіркеліп жатады. Қазіргі заманның алаяқтары ақша табудың сан-алуан түрлерін ойлап табуда. Егер тұрғындар қаржылай сауаттылық танытып, бейтаныс адамдардың ұсыныстарына күмәнмен қарайтын болса, онда сол қылмыскерлердің ойлары жүзеге аспайтыны анық.
Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысының Полиция Департаменті өңір халқын барынша абай болуға шақырады. Әсіресе қаржы мәселесінде жеті рет өлшеп, бір рет кескеніңіз әсте дұрыс болар.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ