Талдықорған-Өскемен тас жолының құрылысы жазда басталады

648
көрілім
Шартты фотосурет.

Талдықорған-Өскемен трассасының Алматы облысы бойынша өтетін жолдың құрылысы жазда басталады деп күтілуде. Жоба бойынша екі облыстың 761 шақырым жолы жөнделеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Талдықорғаннан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейін жолдың ұзындығы 312 шақырымды құрайды. Жол құрылыстарын жүргізу үшін бұл жер бес учаскеге бөлінген.

- Қазіргі уақытта жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Сол құжат дайын болып, мемлекеттік сараптамадан оң нәтижесін алғаннан кейін жол құрлысын бастаймыз. Бұл жерде бес учаскеге бөлінген жердің қайсысы бірінші сараптамадан оң қорытындысын алады, сол жерден жұмысты бастай береміз. Талдықорғаннан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аумақтағы жол құрылысы шамамен шілде, не болмаса тамыз айында басталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта мердігер компания дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол жолдың бойында, яғни бес учаскеге зауыт қоятын жерлерін, жатаханаларын, зертханаларын, кеңселерін салып, жұмыс істеп жатыр. Ал Үшаралдың қасында сол жолды салатын компанияның үлкен әкімшілік ғимараты болады. Ол жерде барлық инженерлері отырады. Одан бөлек олар техникаларын әкеліп жатыр», - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК Құрылыс дирекциясы Алматы облысы бойынша филиалының директоры Серік Керімқұлов.

Филиал директорының айтуынша, Талдықорған-Өскемен тас жолының құрылысын Қытайдың мердігер компаниясы жүргізеді. Жалпы жоспар бойынша Талдықорған-Өскемен тас жолының құрылысы 2022 жылы аяқталып, 761 шақырым жол жөнделеді. Нақтырақ айтқанда, келісімшарт бойынша қытай мамандары республикалық трассаны төрт жарым жылдың ішінде жөндеп бітулері тиіс.