Тарбағатай ауданының тұрғыны көлігімен келе жатып жол-жөнекей қалтасына бір шиша арақ салып алған танысын көріп қалады. Темір тұлпарын тоқтатып, ер адамды әңгімеге тартқан оның ішімдіктен ұрттағысы келіп кеткені сонша, қалтасындағы арақты байқатпай жымқырып алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Тарбағатай ауданы Жәнтікей ауылында «Пшеничная» арағын сырт киімінің қалтасына салған азамат үйіне қайтып келе жатады. Кенет оның қасына көлігімен тоқтаған 43 жастағы еркек амандасып, әңгіме-дүкен құрған. Танысы кеткен соң, ер адам қалтасындағы 400 теңгелік арағының жоғалғандығын байқайды.
Осыған байланысты сот ісі Тарбағатай аудандық сотында қаралды. Сот барысында жәбірленуші ұрлыққа барған танысын кешіретіндігін айтты. Сот үкімі бойынша айыпталушы ҚР ҚК-нің 191-бабы, 1-бөлігімен 1 жылға бас бостандығынан шектеліп, 240 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды.