Өскемен қаласының іргесіндегі Каменный карьер ауылында бетперде киген қарақшылар егде жастағы ер адамның үйіне баса-көктеп кіреді. Мұздай қаруланып, қауырт қимылдаған 3 еркек үй иесіне әкіреңдеп, ақшаның қайда тығулы тұрғанын сұраған. Тұянадай үйдің ұйпа-тұйпасын шығарған тонаушылар, бөлмелердің бірінен 15 млн теңгені тауып алады да, оқиға орнынан тайып тұрады. Алайда жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдіктілерді көп ұзамай қолға түсірген. Осы ретте айта кету керек, қаннен-қаперсіз жатқан өңір тұрғындарының 90-жылдардағыдай қарулы шабуыл жасаған қарақшылардың құрбанына айналуы тұңғыш рет тіркеліп отырған жоқ. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылы облыс бойынша 3874 пәтер тонау қылмысы орын алған.
Кінәларын мойындады
Наурыз айында бетперде киген қарақшылар Глубокое ауданының аумағында орналасқан Каменный карьер ауылындағы жер үйлердің біріне шабуыл жасайды. Үй иесін скотчпен байлап-матаған олар қару төсеп, ақшаның қайда тығулы тұрғанын сұрайды. ШҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ұйымдасқан үш қарақшы үйден 15 миллион теңгені иемденіп кеткен.
– Тонаушылар ақша мен алтын бұйымдарды алып, жәбірленушінің көлігін айдап кетеді, – дейді ШҚО ІІД МТАБ басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Нұрғазина, – Бұл факті Глубокое аудандық ішкі істер бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 4-бөлімінің 2-тармағы (қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелген. Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктілерді қолға түсірді. Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған 3 қарақшы, өз кінәларын мойындаған.
Ұстараның ұшында қалған
Орын алған оқыс оқиғаның анық-қанығын білу үшін Каменный карьер ауылына жол тарттық. Аты-жөнін өзгертуді сұраған жәбірленуші бізге барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді.
– Жер үйде 5 адам тұрамыз: мен, әйелім, қызым, және ата-енем, – дейді 59 жастағы Анатолий Евсеев, – 8-ші наурыз мереке күні үйдегілер қалаға кетіп, жалғыз өзім қалған болатынмын. Сағат тілі 15.00-ден асқанда түскі ас ішіп алып, теледидар көріп жаттым. Кенет ауладағы иттер арсылдап үре жөнелді. Тарсылдаған дыбыстарды естігенде мысықты қуалаған соңына түскен ит қораға кіріп кеткен шығар деп ойладым. Бетперде киген қарақшылардың қоршаудан секіріп түскенін қайдан білейін…
Ұйымдасқан тонаушылар із алдырмау үшін бұрыш қоспасы бар балланды итке қарата бүркіп жібереді де, есікке қарай жүгіре жөнеледі. Сөйтіп, барлығын алдын ала ойластырған олар үйдің ішке оңай енген.
– Орнымнан тұрып, есікке бара жатқанымда бет-әлпеттерін тұмшалап алған 3 еркек баса-көктеп кіріп келді, – дейді үй иесі, – Маған қарай тапанша кезеген қаскүнемдердің бірі «Артқа! Қолыңды көтер! Жерге жат!» деп ақырды. Өне-бойымды қорқыныш билеп, олардың айтқанын бұлжытпай орындадым.
Қарақшылар Анатолиді қонақ бөлмеге етпетінен жатқызып, қолын арқасына қойып, скотчпен байлап тастаған. Желкесіне тапанша төсеген тонаушы ақшаның қайда тығулы түрғанын сұрайды. Осылайша, 2-ші топ мүгедектігі бар азамат зіркілдеген 3 еркектің ортасында еш қауқарсыз қалған.
– Қолына пышақ ұстаған қарақшының біреуі арқамды тіліп, «сейф қайда тұр?» деді. Оған бұл жерде ешқандай сейфтің жоқ екендігін айттым. «Іздеңдер. Тапқандарыңның барлығын алыңдар» дедім. Шынын айтқанда, үйдің ішінде ақша бар екендігінен де хабарсыз едім. Ойран салған қарақшылар әр бөлмені тінтіп аласұрды. Қонақ бөлмедегі үстелдің үстінде тұрған алтын бұйымдарды алса да, бұған қанағат қылмаған еркектер «5 минуттың ішінде ақшаны таппасақ жаныңды жәһаннамға жібереміз» деп қорқытты, – дейді Анатолий Евсеев.
Араға біраз уақыт салып, қарақшылар бөлмелердің бірінен 15 млн теңге тауып алған. Енді асығыс кетуге айналған олар бейнебақылаудың жазбасын өшіру үшін жәбірленушіден дискінің (жесткий диск) қайда екендігін сұрайды. Қулыққа басқан үй иесі «оның не екендігін білмеймін» деген. Десе де, қылмыстарының ізін жасыру үшін әлгі үшеуі компьютердің цифрлы жинақтауышы мен 2 ұялы телефонды ваннаға салып, су ағызып кетеді. Содан соң Анатолийдің аяғын скотчпен төсекке байлап тастаған қарақшылар сыртқа қарай беттейді.
– Тонаушылар менің көлігімді мініп, қашып кеткен, – дейді ол, – Әйтеуір амалдап скотчтан босанып алдым да, көрші шалдың үйіне жүгірдім. Соның үй телефоны арқылы полиция қызметкерлеріне хабарлап, болған жағдайды баяндадым. 15 минутта тәртіп сақшылары да келіп жетті. Соңынан анықталғандай, олар бесеу болыпты. Үшеуі үйде, біреуі сыртта торуылдап тұрғанда, тағы бір сыбайластары көлікте отырған. Зиянкестер сыртта тұрған менің көлігіммен өздерінің тасалау жерде тұрған автокөліктеріне дейін жетіп алған көрінеді.
Үй иесінің айтуынша, ұйымдасқан қарақшыларға бұл мекен-жайды үйді біреу нысанаға алып берген. Себебі, тонаушылар алдын ала дайындықпен келіп, жоспарға сәйкес әрекет еткен.
– Жеке кәсіптен қомақты пайда түсіп жатқандығын бірде жұбайым Людмила (есімдері толықтай өзгертілген) құрбысы Наташаға айтып қалады. Ал сол әйел мұны азаматтық некедегі күйеуі Рауанға жеткізген. Бір-екі рет қана көрген бұл еркекті мүлде танымаймын. Бірақ, қарақшылардың бірі сол болып шықты. Наташа Рауанмен араздасып айырылысқаннан кейін ғана біздің үйді нысанаға алып бергендігін мойындаған. Бұл әйелді де жауапқа тарту керек! – дейді Анатолий ашулы кейіпте.
Наурыз айының ортасына таман құқық қорғау органдарының қызметкерлері 3 күдіктіні Алматы қаласынан ұстаған. Ал қалған екеуі іздестірілу үстінде. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан қылмыстық істің жай-жапсары құпия сақталған.
Қарақшылардың қастандығы
Бейбіт заманда өмір сүрсек те, өңірімізде қарақшылардың құрбанына айналғандар аз емес. Осы ретте, сіздердің назарларыңызға бірнеше мысал келтіре кетуді жөн көрдік:
2015 жылы Өскемен қаласында «Торпедо» хоккей клубының капитаны Евгений Фадеевтің үйіне түскен екі қарақшы хоккейшінің әйелі Евгения Фадееваны жауыздықпен өлтірген. Марқұмның артында екі ұлы қалды.
Көпқабатты тұрғын үйдің пәтеріне заңсыз енген қылмыскерлер әйелді өлтіріп, ақша мен банк карточкаларын үптеп кеткен. Қармақты тереңге тастаған құқық қорғау органының қызметкерлері күдіктілерді қолға түсірді. Тергеу амалдары аяқталған соң, іс ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Істің басты фигуранты Бейбіт Сіләмов өмір бойына бас бостандығынан айырылса, оның серіктесі Самат Рафхатов 16 жылға сотталды. Сондай-ақ, олар Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының қызметкері Ольга Алейникованың өліміне қатысы бар деп танылды. Сот бұлардан зардап шегушілердің пайдасына 15 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім қабылдады.
2016 жылы облыс орталығында жаға ұстатарлық жағдай орын алды. 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысы ардагерінің пәтеріне кірген қарақшы, 92 жастағы қарияны есінен танғанша ұрып-соққан.
Ардагердің есігін қаққан ер адам шабуылды кездейсоқ, атүсті жасамаған, Ұлы Жеңіс күнінде майдангерлерге 500 мың теңгеден сыйақы беріледі дегенді естіп алған болса керек. Қылмыскер пәтерден бес мың теңге мен медальдарды қолды қылған. Ал полиция қызметкерлері оны құрықтаған сәтте ол ҰОС ардагерінің медальдары мен ақшасын әжетханаға ағызып жіберіп үлгерген. Сөйтіп, полицейлер заттай айғақтарды кәріз құдығынан алып шығуға мәжбүр болды.
– Абырой болғанда барлық төрт медаль табылды. Тәртіп сақшылары айыпталушының алып кеткен бес мың теңгесін де қайтарды. Ардагер әсіресе медальдарына қатты алаңдады, себебі бұл естелік бұйымдар ол кісі үшін өте маңызды еді. Медальдары табылғанда қарияның қатты қуанады, – деп хабарлады ШҚО ІІД өкілдері.
Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында соғыс ардагері сотталушыны кешіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
2017 жылы Көкпекті ауданындағы жер үйге баса-көктеп кірген сойқандар екі адамды атып өлтіріп, қалған жанұя мүшелерінің аузы-мұрнын скотчпен байлап-матаған. Үй иесінің әйеліне де оқ атып жаралаған қаскөйлер 4,5 миллион теңгеден астам ақшаны қолды еткен. Үйден шығып бара жатып олар жасаған қылмыстарының ізін жасыру мақсатымен кереуетті өртеп, газ баллонының тиегін ағытып кетеді. Байлап-матаулы жатқан әйелдердің бірі жанталаса шешіліп, көгілдір газдың жарылуына жол бермей үлгеріпті. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары 3 күдіктіні дереу құрықтаған. Ұсталғандардың бірі осыған дейін ұрлық жасап сотты болған.
Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кісі өлтірген екі айыпталушы өмір бойына бас бостандықтарынан айырылды. Сыртта көлік ішінде бақылап отырған сыбайластары 7 жылға темір торға тоғытылды.
Есепке алынады
Шығыс Қазақстан облысында пәтер тонау қылмысы аз тіркелмейді. Өткен жылы тонаушылардан 3874 адам зардап шекті. ШҚО Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері 2781 қылмысты ашқан.
– Пәтер тонау және басқа да бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына жол бермеу мақсатында тәртіп сақшылары тұрақты түрде аула-аулаларды, бұрын сотты болған тұлғаларды, ұрланған заттарды өткізу ықтимал орындарға ұдайы бақылау жүргізеді. Пәтер тонаушылар ішкі істер органдарын есепке алынады. Сонымен қатар, тонаудың алдын алу үшін сотталған адамдармен тиісті шаралар жүргізіледі, – дейді ШҚО ІІД МТАБ басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Нұрғазина.
Оның айтуынша, қарақшылардан сақтану үшін үй иелері пәтер есіктеріне қосымша құлып, сыртқы бейнежазба құрылғысын, күзет дабылын сондай-ақ 1-ші қабатта тұратындар терезелеріне темір тор орнатулары қажет.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ