Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектеп талай жылдан бері жөндеу көрмеген

6129
көрілім

Қазір ақжарлықтардың бірауыздан ортақ өтініші мен келер күнге тілек ретінде айтып отырған мәселесі ауылдағы аурухана мен Әуезов атындағы орта мектептің жай-күйі. Одан қалса қыруар қаржыға тартылған су құбыры жүйесі де әлі іске қосылмаған көрінеді. Осыны айтып шағымданған тұрақты оқырмандарымыз аудан басшылығы мен жауапты жұмыс жүргізген мердігер ұйымдардың жұмысына күмәнмен қарауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бойы жылынбай, бүрсең қағады

Мәселе байыбына барып, жан-жақты саралап үлгерген ақжарлықтар да жоқ емес. Алдымен ауылдағы Дәулетбай көшесі жайлы ойларын ортаға салды. Айтуларынша, салған жерден Байжігіт көшесіндегі жұмыс барысы бақылауда тұрған. Сапаға барынша мән беріліпті. Дегенмен Дәулетбай көшесіне келгенде асфальт жұқа төселіп, жұмыс қарқыны да баяулаған. Көпшілік есінде болар, осыған дейін бірқатар аудандарда қар түсіп, соңы көктайғаққа айналды. Жүргізушілер жолда қалды. Ал ақжарлық темір тұлпар иелері төселіп жатқан асфальтпен ауыр жүк көліктері жүре бастағанда бір-екі жылда-ақ жолдың кетеуі кететіндігінен қауіптенеді. Көпшілік тұрғындар уақтылы аяқтаймыз деп уәделі жұмысын ушықтырып ала ма деп секемденеді.
Енді ағымдағы жөндеу емес, күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған Әуезов мектебінің бұрынғы ғимараты мен Ақжар ауданаралық ауруханасы хақында. Фазыл Демесіновтің (аты-жөні өзгертілген) сөзінше, мектептегі жылу жүйесі бертінге дейін қосылмаған. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта гимназия ұжымы биыл толықтай күрделі жөндеуден өткізілген, 25 жыл бойы еңбек еткен ғимараттарын тастап, бұрынғы Әуезов мектебіне көшірілмек.
– Апатты жағдайда тұрған мектеп. Жер сілкінісінен соң қабырғалары темірмен құрсауланған болатын. Қанша от жақса да оқушының бойы жылынбай, бүрсең қағатын мектеп екені ата-аналарға аян. Аурухананың да сырты дәл сондай темір құрсаумен тұр. Алдағы жылы шекаралық Тарбағатай ауданын дамытуға арналған 34.5 млрд теңге қаржының тағы да бір бөлігі бөлінетіні анық. Ақжарлық белсенді азаматтарға аудан басшылары бұл мәселелер туралы ешқандай тұшымды ақпарат бермегендігі себепті Ақжар халқы осы әлеуметтік нысандардың толықтай күрделі жөндеуден өтетініне күмәнмен қарайды, – дейді Фазыл Ниязұлы.

Округ әкімінің олқылығы ма?
Ауылдастарының атынан сөз алған азамат аталған нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуден гөрі толықтай күрделі жөндеуден өтсе дейді. Одан қалса 1 млрд теңге қаржыға тартылған су құбыры жүйесінің іске қосылмағанына қапалануда тұрғындар. Аудан әкімдігі жеке тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне қосылмағандықтан хабардар болса да ақжарлықтар үніне құлақ аспай отырған шенеуніктердің бейқамдығы шектен шығып бара жатқан сыңайлы. Себебі бір сөздерінде округ әкімінің жұмысы сылбыр екендігін айтып қалды. Мәселе әлеуметтік желіде де қызу талқыға салынды. Аудан басшылығынан болуы керек, атқарылған жұмыстарды тізбектеп жауап қатқан жандар да табылды.

– М. Әуезов атындағы орта мектебі жаңа ғимаратының жылу жүйесі бүгінгі күні іске қосылған. Аталған мектептің ескі ғимаратына «Технадзор KZ» ЖШС 23.01.2020 жылғы № 01*/01-ЭЗ-TKZ санды зерттеу актісінің қорытындысы бар. Биыл мектеп ғимаратының шатыры 80% ауыстырылды. Келесі жылы есік-терезелері ауыстырылып, жылу жүйесіне жөндеу жүргізу жоспарланған, – делінген сөздер жазылды.

Әрине, аз сөз айтылмады. Бірқатар олқылық расымен де облыс басшылығы деңгейінде шешімін табуы тиіс мәселелер. Округ әкімінің шарасыздығы ма, әлде жауапсыздығы ма, ол жағы беймәлім. Дегенмен аудандық газетте халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін алдағы бес жылда 174 ірі жоба іске асырылатындығы жазылған. Оған бюджет және жеке инвестиция қаржысы есебінен 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Осыншама ақшаны орнымен қолданып, құрылған жоспар аясында кәдеге жарату аудан басшылығындағы арнайы мамандар қолында екені белгілі. Дей тұрғанмен ағаттық кетпес үшін облыс әкімінің де пәрмені мен бақылауы қажет болар. Тұрғындар келер жылдан үмітті. Қос әлеуметтік нысан толықтай қайта жөнделіп, тағы бірнеше көшеге сапалы асфальт төселіп, Байжігіт, Қабанбай, Дәулетбай, Жамбыл сияқты оқушылар сабаққа жиі қатынайтын орталық көшелерге тротуар төселіп, орталықтандырылған кәріз жүйесі іске қосылса ортақ тілек орындалған болар еді дейді.