Кейде жауапты тұлғалардың аяқ алысы тұтас тұрғындардың шымбайына батып, сол атқамінерлер кеңесе келе «дұрыс» деп тапқан шешімдері нысанадан мүлт кетіп жатады. Жұмылса жұдырық деген рас-ау, бірақ кейде әр әрекетінен ақиқат көріп, басқан қадамына сырттай сеніммен қарайтын адамын аяқасты аяусыз соққы жығып кетсе шыр-пыр болып кетулері орынды әрекет сияқты. Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында болған мына бір жайт әлеуметтік желіде жоғары жылдамдықпен тарап, облыс басшылығының назарына да ілінді. Толық мәлімет ұсына ма деп аудан әкімдігіне сұраухат жіберген едік, ол жақтағылар тізгін тарта, барынша қысқа жауап беруді құп көрген сыңайлы.
Түстегі төбелес
Сонымен көптің дүрмегіне айналып, әп-сәтте қызу талқыға түскен қандай жайт? Кейбір мәліметтерде аяусыз ұрған, тағы бір пікірлер тек аз-маз күш көрсетумен ғана шектелді дегенге саяды. Нақтысында не болғанын аудан әкімдігі де ашып айтудан іргесін аулақ салды. Оқиғаның басты нысаны – Ақжар ауылына аудан орталығы статусын қайтару. Бастама көтерген география пәнінің мұғалімі Нұрзат Тастеміров (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген). Мұғалім азамат осы үшін соққы жеп, түрлі санаттағы дене жарақаттарын алған көрінеді. Жаға ұстатар жайт сәуір айының басында болды. Әлеуметтік желіде тараған жазбада оқиға болған күн мен уақытына дейін жазылған. Талтүс, сағат 12:00 шамасы. Ойда-жоқта осындай бастама көтерілгендігін естіп, қаны басына шапқан аудандық мәслихат депутаты, педагог Асылжан Төлеубеков Билялов атындағы мектеп-лицейіне суыт жүріспен жетеді. Орайлы уақыт пен ойын білдіруге оңтайлы орын АӘД (алғашқы әскери дайындық) кабинеті болғандықтан бастама көтерген азамат пен аудандық мәслихат депутатының жолы осы жерде түйіскен.
– Ішінде не болғаны бізге беймәлім. Төбелес болған сыңайлы. Кейін білдік, пән мұғаліміне «сен неге аудан мәселесін көтересің?» деп күш көрсетіп, қыспаққа алған. Білім ошағына алып-ұшып жетіп, дөрекі түрде түсінік жұмысын жүргізіп, арнайы атізін салатындай Нұрзат Алпысұлы заңға қайшы ешнәрсе істемеді ғой. Мұны аудан әкімдігі өз бақылауына алса екен, – дейді редакцияға қоңырау шалған Ажар Байсұлтанова.
Жәбірленушінің жарақаты
Қамал бұзар жастың жуан ортасын аралаған пән мұғалімі бұдан соң ақ халаттыларға жүгінді. Хирург шығарған қорытындыға сәйкес зардап шегушінің оң көзінің айналасы ісіп кеткен. Кикілжің барысында құлақ-шекеге келген соққыдан Нұрзат Тастеміров есінен танып қалған көрінеді. Тексерілу барысында пән мұғалімі дәрігерлерге осылай деген. Бұдан соң офтальмологқа қаралып, маман оң жақ көзі ісіп, гематома болғанын растады.
– Жәбірленуші тарап арыз жазды, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Істің жайына қатысты нақты жауап ұсыну құқыққорғау органдары мен сот құзырында. Партияның облыстық филиалы тарапынан жауап берілді. Егер кінәлі болса, заң аясында жауапкершілік жүктеледі, – делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сәуір айының 1-нде әдетте көпшілігі әзілдесіп, кейірі «алдау күні» деп жылы юморға да жол беріп жататын. Алайда Ақжардағы оқиға жергілікті тұрғындар үшін аудандық мәслихат депутаты пән мұғалімінің құлақ-шекесінен құлаштап ұрып, соңы облыс басшылығы тарапының іске араласуымен есте қалған болар.
Шешім шығарылды
Мұндай жағдайда аудан әкімдігі қайтті? Азаматына араша түскен жұрт дәрмені қалмай, араласуға пәрмен сұраған жандардың арасында өңір жағдайын бақылауда ұстауы тиіс жергілікті басшылықты да белгілеген еді. Жіберген сұраухат жауабына қарағанда істі насырға шаптырмай, екі тараптың тезірек татуласатындықтарына тілекші болған сыңайлы. Тұшымды мәлімет ұсынбады. Бәлкім, газет тарихында аудан әкімдіктері арасында берілген ең қысқа жауап ретінде тіркелетін шығар. Артынан сот болған екен.
– Тараптардың өтініштеріне сәйкес іс №2 аудандық сотында қаралып, екі жақтың татуласуына байланысты іс тоқтатылды, – деді аудандық ішкі саясат бөліміндегілер.
Азаматтардың сөзге тоқтағаны құптарлық жайт. Екеуі де ұстаз, бір терінің пұшпағын илеп келеді. Қос тарап та сот шешіміне қанағаттанса, дау-дамай соңы сәтімен аяқталған екен.
Әділхан ЕСІМХАНОВ