«Осыған тоқтау салар біреу бар ма, өзге аудандарда әлдеқайда қолжетімді ғой» деген газет оқырмандары бірнеше апта бұрын қоңырау шалып, мәселе едәуір ушығып тұрғанын жеткізген. Естеріңізде болса, осыған дейін Ақжар ауылында да осы тақылеттес жайт тарбағатайлықтардың назарынан тыс қалмай, мәселеге тез арада аудан әкімінің кірісуін талап еткен болатын. Енді міне, жанармай бағасы тұғылдықтарды да жабырқатуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Шарықтап тұрғанына талай болды»
Бәрінен бұрын мұны тиімсіздік деп айтқан жөн болар. Тұрғындар үшін емес, кәсіпкер көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда. Бұлай деуімізге, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміндегілердің жіберген ақпараты себепші. Мамыр айының соңына қарай Гүлжазира Сапанова (аты-жөні өзгертілген) есімді оқырман хабарласып, сол уақытта АИ-92-нің бір литрі 215 теңгені көрсетіп тұрғанын жеткізді. Апыр-ай, көлігіңмен алаңсыз ағып өтейін десең, ойдым-шұңқыры алдыңды кес-кестейтін «шаршаңқы» жолдардың кейпі сол, мынадай бағада жұрттың ашына сөйлеулері әсте орынды-ақ!
– Бағаның шарықтап тұрғанына талай болды. Неге солай? Мәселен, іргелес жатқан Зайсан ауданында жанармайдың бір литрі шамамен 180 теңгеден сатылады. Қарап тұрсаңыз, баға айырмашылығы 30 теңгеден асады. Ұдайы осындай бағамен бензин сатып алып отырған жүргізушілер де қымбатшылыққа шыдас берер емес. Осыған тоқтау салар біреу бар ма? – деді оқырман барша ауылдастарының атынан сөз алып.
Белгілі болғандай, Тұғыл ауылдық округі бойынша екі жанар-жағармай құю станциясы жұмыс істейді. Бірі жеке кәсіпкер – Қайрат Қожахметов, екінші Бақыт Икласоваға (бәлкім Ықыласова болар) тиесілі. Бөлім басшылығындағылардың сөзінше, қазіргі уақытта баға 205 теңгені көрсетіп тұр. Сұраухат жауабында кәсіпорын иелері жанар-жағармай өнімдерін топтап босататын Павлодар қаласындағы мұнай қоймасынан тасымалдап, өздерінің бензин мен дизель отындарын тасымалдайтын жүк көліктерінің жоқтығынан өзге транспортқа жол ақысын төлеп жүргендері жазылған. Яғни бензин тасымалдайтын жүк көліктеріне тасымал бойынша аталған транспорттың әр литріне төленер жол ақысы 12-13 теңгеден, одан бөлек, операторларға төленетін еңбекақы, электр қуатына, акциз және басқа шығындар есепке алынатын көрінеді. Демек кәсіпкерлердің әр барып келулері шығын мен кіріс қатар жүретін таразыға пара-пар.
Ақсақалдар алқасы да іске араласты
Дей тұрғанмен тұғылдықтар үшін де әрдайым қалта көтере бермейтін қымбатшылық еркін тыныстауға айтарлықтай кедергісін келтіріп тұрғандығы рас. Аудан атқамінерлерінің айтуынша, бағаның шарықтау тұрғысындағы түйткілдің бары, белгілі бір уақыт аралығында қалыпқа түсетіндігі жайлы мәлімет берілген. Нақты айтсақ, сәуір айының 21-і күні әкімшілік жанынан құрылған ақсақалдар алқасы мен мобильді топ құрамы жанармай станциясы иелерімен түсініктеме жұмыстарын жүргізіпті.
– Жеке кәсіпкерлер Павлодар қаласында орналасқан «BARREL» ЖШС LTD-дан тасымал арқылы 180 теңгеден алатындарын мәлімдеді. Павлодар қаласынан тасымалмен әкелгендіктен жол шығындары ақтамайтындықтарын алға тартуда. Жанар-жағармай бағасын тежеу мақсатында жеке кәсіпкер Гүлмира Қожахметова мен Бақыт Икласоваға Өскемендегі арзан бағада алатын мекемелерді ұсындық, алайда Павлодардағы «BARREL» LTD ЖШС-мен бір жылға келісімшартқа отырғандықтарын айтып, ұсынымыздан бас тартты, – деді бөлім басшысы Ерлан Сербатыров.
Демек, әкімдік тарапы жағдайды бақылауға алу мақсатында тиісті қадам жасаған. Әп-сәтте мәселені біржақты ету мүмкін болмай тұрған көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, Ақсуат, Ақжар және Тұғыл ауылдары тұрғындар тілегі негізге алынып, жүргіншілерге сапалы да арзан бағада жанар-жағар өнімдерімен қамтамасыз ету үшін бірнеше мәрте қызметтік қатынастар жолданған.
Жабырқатқан жауап
Сол кездегі «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ-ның жанар-жағармай құю бекеттерін ашуға көмек көрсету мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына 13 аудандық мәслихат депутаты мен аудан әкімдігі қызметтік қатынас жолдап, түйткіл шешімін табуға мұрындық болуға қолқа салған. Өкініштісі сол, алдағы уақытта компания ауданда жаңадан ЖҚС құрылысы басталмайтындығын мәлімдеген. Олардың станциясы Тарбатағай аумағында орналасқанымен республикалық дәрежедегі автокөлік жолы, яғни Ақсуат-Боғас аралығы 67, Ақжар-Боғас 100 шақырым қашықтықта орналасқандықтан аталған ауылдардың халқы компанияның арзан бағадағы жанар-жағармай өнімдерінің жеңілдігін көре алмай келеді.
– Сондай-ақ өткен жылдың наурыз айында сапалы әрі арзан бағада жанар-жағар өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Petro Retail және Royal Petrol ЖШС-ға аудан әкімі атынан Тарбағатай аумағында жанармай құю бекетін ашуға көмек көрсету мақсатында қосымша қызметтік қатынас жолданды, алайда станциялар ашылмайтындығы туралы жауап келді, – деді Берік Сербатыров.
Жауапты тұлғалар іргелес жатқан Зайсан ауданындағы баға тұрақтылығы жайлы да ойын ортаға салды. Олардың айтуынша, бұл жақта «Petro Retail» ЖШС-нің жанар-жағар май станциясы тікелей аудан орталығында орналасқандықтан тұрғындар үшін қолжетімді, соған орай алаңсыз тұтынуда.
Әділхан ЕСІМХАНОВ