Тарбағатай ауданы тұрғынынан мылтық пен пышақ тәркіленді

11112
көрілім
Шартты фотосурет

«Учаске» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының аясында ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері үйінде қару-жарақты заңсыз сақтаған ер адамды анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Департамент баспасөз қызметіндегілерінің мәліметінше, қыркүйек айының 19-ы күні Тарбағатай ауданының жедел уәкілдеріне жергілікті тұрғындардың бірі тіркелмеген қаруды өз үйінде заңсыз сақтағаны туралы ақпарат түскен.

Хабарламаны алған бойда полиция қызметкерлері дереу тексеріс жүргізе бастады.

- Жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері Тарбағатай ауданы Тәуке ауылының 44 жастағы тұрғынын анықтап, ұсталған адамнан мылтық пен пышаққа ұқсас зат тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат 12 калибрлі оқ атуға жарамды «MOSSBERG» тегіс ұңғылы атыс қаруы болып шықты. Аталған тегіс ұңғылы мылтық тұрғынға қайтыс болған әкесінен қалғаны анықталды, - делінген мәліметте.

Аталған факті бойынша қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін ол ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Полиция департаменті тіркелмеген қаруды полицияға өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын түсіндіреді.