Бұл осы ауыл тұрғындарына жасалған алғашқы «соққы» емес. Тереңіне сүңгісең түйткілдер легі бір-екі ауыз сөзбен шектеліп қалмайды. Алдымен бөлінген қомақты қаржыға бейберекет төселген асфальт, енді міне, сатылымға шыққан мектептің жаға ұстатарлық жағдайы. Жо-жоқ, жаңа мектеп жоқ емес, оқушыларға есігін айқара ашқан. Тек тұрғындар естелігінде ойып тұрып орын алған ескі мектептің тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кету қаупі мақалаға арқау болмай қоймады. Мәселе Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылына қатысты. Кіндік қаны тамған жеріне емешегі үзіліп тұратын азаматтар аталған мектепті қолдарында қомақты қаржы болмаса да сатып алған. 22 миллион теңгеге жуық соммаға. Аукционды ұйымдастырған аудан әкімдігі көрінедідеп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімдіктегілер әлі жауап бермеді
Нақты айтсақ, аудандық қаржы және экономика бөлімі. Ең өкініштісі, мақала кейіпкерлерінен бөлек, тағы екі мекеме, яки болмаса кәсіпкерлердің кім екені таныстырылмапты. Бәлкім, білер ме едік осынау көлеңкелі тұсты, алайда аудан әкімдігі де ресми мәлімет беруге еш құлшынбады. Тіпті қыркүйек айының 6-сы күні жіберілген сұраухат сол беті жауапсыз қалды. Жалпы, соңғы уақытта Тарбағатай ауданы әкімдігінің БАҚ заңына бағынбай, ресми хатты мүлде елемеулері тым жиілеген. Оқырман қоңырауы негізінде, куәгер растауы бойынша әзірленген сауалдардың «жетімсірей», әкімдік поштасының бір түкпірінде қалуы қос тарапқа да тиімсіз екендігі анық.
Ал енді мәселеге тоқталайық. Жетіарал ауылында бейресми мәліметтерге сәйкес 1200-ден астам тұрғын бар. Демек тыныс-тіршілігі тұраламаған Тарбағатайдың тартымды ауылдарының бірі. Ескі мектеп елдімекенге көрік бермесе де, қазіргі жағдайында кәдеге жарап-ақ тұр. Мұны тұтас жетіаралдықтар мен газет редакциясына қоңырау шалған ауыл белсендісі де жіті түсініп отыр. Себебі қазірдің өзінде ескі мектептің спорт залына жөндеу жұмыстары сол атымтайлардың және өзге де жанашырлардың қалтасы есебінен жүргізілген.
28 мыңнан жарна төледі
Жалпысында қолданысқа дайын, тек жарық тарту ғана қалыпты.
– «Мұны жүзеге асыруларыңыз үшін соңғы бағасымен аукционға шығарайын, солай алғандарыңыз дұрыс» деді аудан әкімі. Содан осы ауылдың азаматы Мейрамбек Нұрболдин екеуіміз 28 мың теңгеден жарна төлеп, аукционға қатыстық. Басталды. Баға мөлшері қарыштап көтерілді. Сенесіздер ме, 19 млн теңгеге дейін барды. Аукционда әсіре сенімділік танытқан әлгі адам алып кететін болған соң мектепте талай жылдан бері бапкер болып жүрген азамат 22 млн теңге деп баға ұсынды. Мектепті уақытша болсын өзімізде сақтап қалып, әрі қарай әкімдік қайта қарай ма деген ой болды, – деді Зарыпхан Байсұлтанов (аты-жөні өзгертілген).
Анығы сол, жоқ жерден ескі мектепті аукцион арқылы алып қалу әдісі – тұтас жетіралдықтардың өткені мен бүгіні естелік болып қалған ғимараттың өзгенің уысында кетпеуі үшін жасалды. Жанкештілік емей немене? Зарыпхан Асанұлының айтуынша, ең соңғы болып 22 млн 800 мың теңге бағасы бекітілді. Ал қарапайым бапкер мен ауыл белсендісі соншама ақшаны қайдан алмақ? Азаматтар ескі мектеп бұрышын жөндеуге 1 млн 800 мың теңге қаражат жұмсап, терезелер мен жылытылған есіктер орнатқан. Электрлі батарея қойып, су тартып, ішкі жөндеу жұмыстарына атсалысты. Бұл жалпы ғимаратттың кетеуі кетпес үшін жасалған әрекеттер. Бұдан бөлек, дене шынықтыруға арналған жабдықтар мен футбол, волейбол доптары және тағысын тағы. Жетіаралдың жігіттері де игілікті бастамадан шет қалмай, ақы төленбесе де жұмыстардың барлығына араласып бақты.
«Басқа біреу бұзып әкетеді ғой»
Енді қалай болмақ? Қыркүйектің алғашқы онкүндігінде жіберілген алты сұраққа сол беті ақпарат берілмеді. Қабылдау және білім бөлімінің мамандары бір-біріне сілтеп, «қазір, міне қазір» деп құрғақ уәделерін қарша боратты.
– Қашан жіберіп едіңіздер, бір қарап хабарын берейін. Жауапты жіберіп қойып едік, келмеді ме? М-м-м… маман келіп қалуы тиіс, нөмірлеріңіз қандай? – деген сенімнен ада сөйлемдер лек-легімен төгілді.
Аукцион бағаны өсіріп отыру тәртібімен өтті. Бейресми мәліметтерде ең әуелде ескі мектеп 187 мың теңгеге сатылмақ болғаны жазылған. Алайда небәрі бие сауым уақыт ішінде «ғарыштық» бағалар жарыса жөнелген. Тұрғындар мынаған алаңдайды: «Мектепті басқа біреу сатып алса, бұзып әкетеді ғой». Жаны ашыған жетіаралдық азаматтар бұрынғы білім ошағының сыртын қоршап, жымысқы ойы барлар құрылыс материалдарын жымқырып кетпесін деген ниетпен күзетші де жалдаған.
– Бұзып әкетті дейік, таудай үйінді қалады ғой орнында. Егер жолын тауып өзімізде сақтап қалсақ тұрғындар бірлесе бір бөлмесін дүкен, тағы біреуін сүт қабылдайтын орын деп… игі мақсатта пайдалану жоспарда бар, – деді ауыл белсендісі.
***
Шынымен де, ауыл белсендісі болсын, меценат болсын… аз уақытта 22 млн теңгені табу мүмкін емес. Бәлкім ел болып ерлерін қолдаса, бұл қатер бұлты да сейілер. Әйтеуір аудан әкімдігі жанкештілікке барған жетіаралдықтарды «қаржы тап» деп қыспаса жарар…