Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылының ауруханасы 50 жыл жөндеу көрмеген

1047
көрілім

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп жатады. Бірақ бұл сөйлем қазір көп ауылды сырт айналып өтіп жатыр. Жуықта жанайқайларын айтып, тарбағатайлықтар қоңырау шалды. Көтеріп отырған тақырыптарын мүмкін болатын барлық жерге жеткізген көрінеді, бірақ әкімдіктен бастап, аурухананың бас дәрігеріне дейін ешнәрсе істей алмаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Тоқырау жылдары бәрі жабылды»

Көбі әрекетсіздік қасақана жасалып отырғанын айтты. Тіршілігі азан-қазан қайнап, халқы абыр-сабыр болған өлкедегі қазіргі жағдай тұрғындардан бастап, зейнеткерлерді тегіс алаңдатып отыр.

– Кезінде ауылдағы тұрғындар саны 11 мың адамға жеткен еді. Ауруханамыз кеңес өкіметі ыдырамай тұрып салынған. Жұқпалы аурулар бөлімі болды. Балаларды жеке, әйелдерді жеке қарайтын. Перзентхана жұмыс істеп тұрды, шұғыл оталар да жасалатын. Бірақ тоқырау жылдарында барлығы жабылды. Қазір 11 мың адамнан тек 4700-ге жуығы қалды, – деді зейнеткерлер.

Тұғыл Зайсаннан шамамен 70 шақырымдай жерде орын тепкен балықшылар ауылы. Күнкөріс тетігі сол. Тұрғындар екі мектеп, өрт сөндіру бөлімі, әкімдік барын айтты. Сегіз балық өндіретін шағын цех, ауылдық клуб пен екі балабақша жұмыс істеп тұрған көрінеді. Қысқасы, түтін саны азайғанмен тірлік әлі тұраламады. Етектен тартып тұрғаны – талайдан бері күрделі жөндеу көрмеген аурухана ғимараты.

– Сырттай қарағанда келбеті келісіп-ақ тұр. Не дегенмен бастапқыда сапалы етіп салынды. Бірақ 50 жыл болды іші тозып тұр, күрделі жөндеу жүргізілмеді. Төбелерінен су ақан кездері болды, ескі жиһаздары сол беті жаңартылмаған. Соғыс жылдарынан қалған мұра сияқты. «Күрделі жөндеуден өтеді» деп уәде берілгелі қашан? Қазақстан кеңес одағынан бөлінгелі 33 жыл болса, осы уақыт аралығында сегіз әкім ауысты. Үнемі уәде береді, бірақ сөзі мен ісі қабысқан біреуі жоқ, – деді зейнеткер, ауыл тұрғыны Нәзипа Кешубаева.

Тұғылдықтар аурухананың уақыт өткен сайын тозып бара жатқанын айтып, қапаланды. Түрлі ақпарат көздерінен күрделі жөндеу жұмысы биыл сәуір айында басталатынын, оған қомақты қаржы бөлінгенін оқыған. Осыны Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтан, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаевтан сұрадық. Алғаш болып басқарма басшысы жауап ұсынды. Оның сөзінше, Тұғылдағы аурухана 1979 жылы салынып, 1981 жылы қолданысқа берілді.

– Ғимарат 2014 жылы ағымдағы жөндеуден өтті. Дәрігерлік амбулаторияның барлық бөлмелерінің есіктері, 2017 жылы терезелері мен жылу қазандықтары жаңадан ауыстырылған. Сонымен қатар амбулаторияда жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіледі, – деді Төлеген Хайруллаұлы.

 

Смета жасалып, сараптамадан өтуде

Дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Елжан Манарбеков биыл қаңтар айында берген бір сұхбатында күрделі жөндеу осы жылы жүргізілетінін айтқан. Бірақ жеме-жемге келгенде жұмыс әлі басталмады. Ауыл тұрғыны әрі медбике Самал Смағұлованың сөзінше, аурухана мәселесін айтып, жағдаймен фейсбук желісінде бөліскені үшін қазір сотқа да жиі шақырылып жүр.

– Біз бар болғаны әділдік іздеп едік. Мамандық бойынша жұмысқа кірсем де, кейін қудалауға ұшырадым. Аға медбике жұмыс істеткізбей, арандатуға дейін барды. Жұмыс істегенімді құп көрмейтін сияқты. Аурухана жағдайын фейсбук желісінде айтқаным үшін бас дәрігер сотқа беріп жатыр. Менің ісімнен кінәрат табу үшін заңгер де тартылыпты, – деді ол.

Осы мәселеге қатысты аудан әкімдігі ресми жауап жолдамады. БАҚ заңын бұзғанымен қатар, тұрғындарға да тұщымды ешнәрсе айтпаған сыңайлы.

Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ақпаратынша, 2023 жылы Тұғылдағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен 4 млн теңге бөлінді. Аталған құжаттама әзірленіп, қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонда Елжан Манарбековтың қыста берген ақпараты басқарма мәліметімен қарама-қайшы келіп тұр. Бірі биыл күрделі жөндеуден өтеді десе, екіншісі қазір тек мемлекеттік сараптама өтіп жатқанын жазды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, соңғы бес жылда аудандық ауруханада екі бас дәрігер ауысты. Төлеген Жігітаевтың айтуынша, Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң күрделі жөндеуге қаржы бөлу үшін Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына облыстық мәслихат сессиясына шығару үшін құжаттар жолданбақ. Ұзын-сонар сөйлем сипаты осындай.

Аудан әкімдігінің не себепті жауап ұсынбағандары түсініксіз. Бәлкім, қабылдау бөліміндегілер жағдайды бақыламады. Ал басқарма басшылығының ақпаратынша, күрделі жөндеу биыл да жүргізілмейді. Тұрғындар мен науқастар да сырқаты дендесе, іргедегі Зайсан қаласына барып ем алатын сияқты.

***

Мамыр айының 29-ы. Мақала жазылып бітуге шақ қалған. Бірақ Тарбағатай ауданы әкімдігі сол күйі ресми жауаптарын жолдамады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосуреттерді ұсынған тұрғындар