Баспана тақырыбы өз алдына бір бөлек. Ал жол, ауызсу және интернет мәселесі талайдан бері біте қайнасып кеткендей. Шешіледі деп жиі айтылғанымен, жеме-жемге келгенде іске асып жатқаны ілуде біреу. Жуырда Тарбағатай ауданына қарасты Жаңаауыл ауылының тұрғындары ғаламтор машақатын қайта көтеріп, тіпті байланыстың жоқтығына шағымданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Әкімдіктің әне-мінесі»
Иек артып, сенім білдірген кез келген нәрсе құрдымға кетсе көптің көңілін кірбің шалары сөзсіз. Бұл жағдайда әр ауыл тұрғынының айы сайын белгілі бір байланыс операторлары арқылы тариф қостыратындарын ескерсек, соны толыққанды пайдаланып та үлгермейтіндей. Дәл осындай бұйымтаймен қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз интернет тұрмақ, қарапайым байланыстың жоқтығын да жеткізді. Айтуларынша, тариф қостырғандарына қарай интернеттің болмауы талай тұрғын тарапына әділетсіздік. Мұның шешімі қандай дейді.
– Әркімнің байланыс операторы әралуан шығар, алайда Жаңаауылда Beeline арқылы хабарласу тура бір машақат. Екі жыл бұрын Теле2 абонентін қосқан еді, одан еш өзгеріс жоқ. Әкімдіктегілердің әне-міне тартамыз жеп жүргендеріне бес жыл болды, бірақ әлі шешілген жоқ, – деді Дидар есімді азамат.
Шынымен шешімін тапты ма?
Ал аудан басшылығындағылар байланыс операторлары мен ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасындағы меморандум жайлы сөз етті. Яғни дәл осындай интернет мәселесіне қатысты «КарТел» ЖШС (Beeline), «Kcell» АҚ (Актив), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Алтель, Теле2) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған көрінеді. Соған сәйкес ел аумағында аталған компаниялармен қойылған базалық станциялардың ортақ желілерін пайдаланып, радиожелілікке қол жеткізілмек.
Дәл осыны басшылыққа алған аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров ғаламтор желісі тартылып қойған ауылдар тізімін ұсынды. Ресми жауапқа сенсек, аталған мәселе 2020 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында шешімін тапқан. Дегенмен оқырман ойы мұны жоққа шығарып отыр. Себебі тізімге Жаңаауыл да енген.
Толығырақ кестеде:
№ |
Ауыл атауы |
Атқарылған жұмыс |
1 |
Жантікей |
Интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жоспар-кесте бойынша ғаламторға қосылды |
2 |
Жаңаауыл |
|
3 |
Дәулетбай |
|
4 |
Көктүбек |
|
5 |
Сәтпаев |
|
6 |
Ойшілік |
|
7 |
Үштөбе |
|
8 |
Шеңгелді |
|
9 |
Шорға |
|
10 |
Жамбыл |
Кестеге кірмей қалған Қызыл кесік, Құмкөл, Құйған, Кіндікті және Жаңалық елдімекендерін де айта кеткен жөн. Міне, осы 15 ауылда интернет мәселесі екі жыл бұрын шешілген.
Құрылысқа құжаттама әзірленуде
Оған қоса, биыл жыл соңына дейін тұрғындар саны 250 адамнан асатын елдімекендерде ұялы телефон байланысы мен мобильді интернетпен толықтай қамтамасыз ету жоспарланыпты.
– Жаңаауыл ауылдық округі бойынша – 1152, оның ішінде Жаңаталапта – 218, Ахметбұлақта – 186 және Сарыөлеңде 156 адам тіркелген, – деді Ерсін Ескендіров. – Облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен ZOOM арқылы өткен жиында Тарбағатай ауданы бойынша төрт ауылдық округте ғаламтор жылдамдығын арттыру мәселесі талқыланды. Нақты айтсақ, Жаңауылға – үш, Қызыл кесікке – екі, Үштөбе мен Кіндіктіде бір-бірден, жалпы жеті жер учаскесі таңдалып, қазір антенна-діңгек құрылыстарын бастауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Мұның барлығын министрліктегілер ұялы байланыс операторларымен бірлесе спутниктік трансмиссияны ауыстыру мақсатында қолға алып жатқан сыңайлы.
Тұрғындар тыс қалған жиын
Онлайн оқу кезінде емтихан тапсыра алмай шыр-пыр болған студенттер мен оқушылар үшін жоғары жылдамдықты интернетке қажеттілік артып тұрғанын ескерсек, әзірленіп жатқан құжаттаманың тезірек біржақты болғаны ата-аналар үшін де түйіткіл тоңы жібігендей болар еді.
Оқырмандар сөзінше, шиеленісіп тұрған мәселе былтыр аудан әкімдігіндегілердің ауылға атізін салуымен тағы бір қозғалды. Алайда жиын тек қоғамдастық мүшелерінің қатысуымен өткендіктен тұрғындардың өздері жауапты тұлғалардың миләди жүзін сол күйі көре алмаған.
Сұраухат жауабына сүйенсек, Тарбағатайда интернеттен қол үзіп тұрған 18 елдімекен бар. Мұны да кесте түрінде ұсынуды жөн көрдік:
№ |
Ауыл атауы |
Тұрғындар саны |
1 |
Көкжол |
99 |
2 |
Мүрсәлім |
78 |
3 |
Қызбай |
60 |
4 |
Егіндібұлақ |
55 |
5 |
Көкбастау |
80 |
6 |
Ақжол |
63 |
7 |
Томар |
56 |
8 |
Шолақорда |
70 |
9 |
Алғабас |
52 |
10 |
Өтеген |
65 адам |
Бұдан бөлек, Жалғызтөбе (52), Жолқұрылыс (53) Қарой (80), Жалаңаш (220 адам) ауылдары бар. Екінші кестеге зер салсақ, қос ауылға қатысты ақпараттың өзгеріп шыға келгенін аңғару қиын емес. Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде Жаңаталапта – 218, Ахметбұлақта – 186, Сарыөлеңде – 156 тұрғын бар деп еді, сұраухат жауабының соңында 227 (Жаңаталап), 190 (Ахметбұлақ), сондай 158 (Сарыөлең) деген мәлімет ұсынылды. Өрескел қателік болмас да, бірізділіктен ауытқыды. Қорыта жазсақ, Жаңаауылдағы интернет жылдамдығы әлі де жоғарылай түсетіндей. Әкімдік берген ақпарат осыған саяды.