Тарбағатай ауданына қарасты Жетіарал ауылының жолы қашан жөнделеді?

8983
көрілім
Шартты фотосурет

«Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген рас-ау тегі, мұндағы тұрғындардың бірқатары жөндеу жұмысы аяқталғанша шау тартып, шынымен қартайып кететін сияқты. Ойшілік пен жетіаралдықтардың базынасын тыңдаған соң Құйған ауылының тағы бір мұңдасы табылды ма дерсің?! Бөлінді деген қомақты сома тиісті деңгейде игерілмеген соң одан аз қаржының мүлде сағым болып тоғай-жыңғыл, тау-тастың арасына білінбей сіңіп кететіндей көрінді. Жетіарал ауылына апарар жолдың неліктен жөнделіп бітпей жатқандығын аудан әкімдігінен сұрап көрген едік.

«Қолдарынан келіп тұр ғой»

Бар былықтың ауылы 2019 жылы көрініпті. Жағымсыз жаңалық алыстан қол бұлғап, жуық арада құлақтарына жететіндігін білдірген. Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын аудан басшылығында отырғандар елді мекен тұрғындарына қызыл сөзді лепірте төгіп, ақыр соңында «түбі бірнәрсесі болар» деген бұлыңғыр тілеулестік танытуларына негіз болған көрінеді. Сенесіздер ме, Ақжар – Жетіарал, Ақсуат – Ойшілік ауылдары аралығындағы жолдарды жөндеуге облыстық немесе республикалық бюджеттен бе екені белгісіз, 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген көрінеді. Әлбетте, әкімдік шамамен айтылған бұл санды растамады. Бәлкім, оның игеріліп болған бөліктерін еске түсіргенше талай уақыт құрдымға кетеді деп қысқа жауап беруді жөн көрсе керек, әйтеуір анағұрлым аз қаржыны мысал етті. Жетіаралдықтар «Мейлі, миллион бөлінсін, тек жоспарға енгізілген жол бөлігін сиырқұйымшақтандырмай, сапалы етіп жөндеп кетсе түк етпес еді ғой» деп сан соғып келеді.

– Шамамен бес-алты шақырымы ғана асфальтталды. Мұны облыстық газеттерден бөлек, республикалық БАҚ өкілдері де жариялаған болатын. Мейлі қаржыны теңдей бөліп пайдаланғанның өзінде кемі 20 шақырымға тасжол төсеу қолдарынан келіп тұр. Көлікпен жүру мүмкін болмай барады, ойдым-шұңқырдан қашып құтылмайсың, – деді Ойшілік ауылының тұрғыны Омархан Найзабекұлы (аты-жөні өзгертілген).

Қазіргі жағдай қандай?

Сол кезде аудандық ТҮКШ, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер жолдың қалған бөлігін асфальттау үшін бюджеттік өтінім әзірленіп, облыстық басқармаға жіберілгендігін, сәтін салып, республикалық және облыстық қазынадан тиісті қаржы бөлінсе аяқталмаған жұмыстың біржақты болатындығын жеткізген еді. Сондағы «бәрі дұрыс болса, сәті түссе, қаржы бөлінсе» деген жауаптардың өзі алдағы жұмыс жоспарына сенімсіздік барын аңғартқан екен. Ал жуырда жіберген сұраухатқа аудан басшылығы сол жоғарыда келтірілген сандарды тізбелеп, алдағы жұмыс барысына бір тоқталып өтті.

– 2019 жылы аудандық маңызы бар Жетіарал ауылына кіреберістің 5,6 шақырымы (69 млн теңге), Ойшілік ауылына кіреберістің 15 шақырым учаскесі облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы теңгеріміне алынып, тапсырыс беруші ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, ал мердігер ұйым «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС тарапынан орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазіргі уақытта орын алған кемшіліктер үш жылдық кепілдік мерзім шеңберінде қалпына келтірілді. Сапасы қанағаттанарлық жағдайда, – деді аудан әкімдігіндегілер.

Төрт жылда тәмәмдамақ

Шенеуніктердің бұлай шеттейтіндеріндей қос елдімекенді шағын деуге де келмейді. Ресми мәліметте, Жетіаралда – 688, Ойшілікте 1218 тұрғын бар деп жазылған. Сұраухат жауабына сенсек, қазіргі уақытта аудандық маңызы бар Жетіарал ауылына кіреберіс жолдың 5,6 шақырымына, ал Ойшілік елдімекені кіреберісінің 18,2 шақырымына асфальтбетон жамылғысы төселген.

– Жоспарға сәйкес аталған жолдардың асфальтталмаған жолдарын 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жұмысты тәмәмдау «Зайсан құрылыс компаниясы» мердігер мекемесінің жауапкершілігінде. Мәселені бақылауға алу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан бюджеттік өтінімдер мен ұсынымдар құзырлы мемлекеттік органдарға жолданбақ, – деді аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров.

Жетіаралдықтардың «Бөлінген қаржыға ауылдар арасындағы жолдарға толықтай асфальт төсеуге не кедергі болды?» деген сауал сол күйі жауапсыз қалды. Атқамінерлер тіпті қаржының қалай игерілгендігі жөнінде де мәлімет ұсынбады. Амал нешік, 2025 жылға дейін күтпеске амал жоқ. Кім білсін, ойламаған жерден жұмыс жүріп кетіп, бір-екі жылда аяқталып қалатын шығар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ