Аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың сөзінше, осы қаржының 4 млрд теңгесі әлеуметтік салаға (баспана, білім, медицина) бөлініп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл үш ауылға (Асусай, Жамбыл, Байтоғас) барлық құрал-жабдықпен қамтылған жаңа медпункттер салынады. Бұған 590,0 млн теңге бөлінген. Мұның ішінде Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулатория да бар.
- Осы жылы 11 млрд 182 млн 700 мың теңге қаражатқа 152 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қаржының 36,1 пайызы әлеуметтік салаға бөлініп отыр. Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұған 171,2 млн теңге қарастырылған. Бірақ қаражаты әзірге бөлінген жоқ. Бөлінсе, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.
Сонымен қатар, Қабанбай ауылының дәрігерлік амбулаториясын жаңадан салу жоспарланды. Бірақ ол алдағы уақыттың еншісінде дейді. Бастысы биыл инвестициялық жобаның оң экономикалық қорытындысы алынған.
Миллиардтардың біршама бөлігі, нақты айтсақ, 1 млрд 836 млн 100 мың теңге 11 жобаны жүзеге асыруға бағытталады. Мәселен:
- Маңырақ ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің ғимаратына 31 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуді аяқтау;
- 109,3 млн. теңгеге Ақжар ауылындағы «Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейі ғимаратының ішкі жылу желілері мен терезе блоктарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу;
- Жалаңаш ауылындағы С.Көбеев атындағы мектеп-балабақша кешені ғимаратына 32,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу;
Дархан Шомпайұлы Тұғыл ауылындағы «Жасұлан» балабақшасына 37,6 млн теңгеге ағымдағы жөндеу, едендерін ауыстыру, жылу жүйесін оқшаулау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
- Тәуке ауылында 600 млн теңгеге 80 орындық жаңа мектеп құрылысы қолға алынады. Шолақорда ауылында да 50 орындық жаңа мектеп құрылысын биыл бастаймыз. Бұған 600 млн теңге бөлінген. Қарасу ауылында меценат Тәңірберген Тоқтаров өз қаражатына 70 орындық балабақша құрылысын бастады, - деді әкім.
Әділхан ЕСІМХАНОВ