"Алматы-Ақсуат-Ақжар" бағытымен қатынайтын автобус межелі жерге жеткен бойда Ақсуат ауылдық округі әкімінің орынбасары жолаушылар тізімін алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан басшысы Серікқазы Сәдуақасовтың әлеуметтік желідегі парақшасына сүйенсек, оқиға кеше болған. Аталған бағыттағы автобус автобекке тоқтаған соң дереу сақтық шаралары қолға алынған.
– Тарбағатай аудандық орталық ауруханасының медбикесі жолушылардың дене қызуын өлшеп тексерді. Учаскелік инспекторлар сол жердегі қоғамдық тәртіпті қадағалап тұрды, – деді Серікқазы Құсайынұлы.
Бұдан бөлек, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Ғ.Нұғиев мәлім еткендей, бүгін "Астана-Ақсуат-Ақжар бағытына", "Алматы-Ойшілік", "Алматы-Ақжар" бағытына жүретін автобустардың соңғы рейсі келеді. Аудан әкімінің сөзінше, бұдан кейін жоғарыда аталған қалалардан автобус қатынасы біржола тоқтатылады.