Аудан жұртшылығын қуантқан жағымды жаңалық кеше Ақжар ауылын аралап кетті. Себебі кеше ақжарлықтар 600 орындық мектеп пен 300 орынға шақталған интернат ашылуының куәсі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімі Серікқазы Садуақасов әлеуметтік желідегі парақшасында жазғандай, білім нысанын мердігер Қ.Нәбиевтің «ПМК Кұрылыс» ЖШС салып шыққан.
Аудан әкімі мектепке заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың аты берілгені де Абайдың 175 жылдығымен үндестік тауып тұрғанын тілге тиек етті.
– Бұл Ақжардағы салтанатты лента қию сәтін көру ұстаздар мен ата-аналардың көптен күткен қуанышы болатын. Міне, сол сәтке де жеттік. Білім ордасы ең озық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан бұл мектеп оқушылары ғылым-білімнің көптеген шыңын бағындыратынына, ұстаздар да жоғары деңгейде білім беретініне сенеміз. Қуаныш құтты болсын! – дейді Серікқазы Құсайынұлы.