Аудандағы «Байтоғас» балық өңдеу цехінің басшысы ұзақ мерзімге төмен пайызбен несие алып, шаруашылығын дамытпақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Серікқазы Садуақасов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Мәлім болғандай, «Байтоғас» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің балық өңдеу цехі біртіндеп бұрынғы қарқынын қайта алып, кәсіптерін дамытуды көздеп отыр.
– Аталмыш цехта балық фаршы, балықтың сүбе еттері шығарылады екен. Дайын өнім республикадан бөлек, Ресейге де саудаланып жатқан көрінеді. Бұл туралы келешек жоспарларымен таныстырған кооператив басшысы Болатхан Асылханов айтты. Екі жылдан бері форель өсіруді де қолға алыпты, – деген аудан басшысы қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, аталмыш кооперативтің мақсаты – балық өнімдерін Еуропа нарығына шығару. Заманауи жабдықтар алуды да жоспарлап отырған көрінеді. Бұл ретте «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорынан ұзақ мерзімге төмен пайызбен несие алмақ. Аудан әкімінің айтуынша, «Байтоғас» кооперативінің балықшылары байырғы кәсіптерін дамытып, бала-шағаларын асырап отыр. Кооператив мүшелігіне кіріп, қатарын толықтырып жатқандар да аз емес. Бұл ретте жауапты тұлға іскер азаматтардың еңбегіне жеміс тіледі.